Сыр диқандары Иранға күріш экспорттайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр диқандары Иранға күріш экспорттайды

02.11.2017

Әйгілі «Ақмаржанмен» аты шыққан Сыр елі енді ирандық күрішпен танылады.  Әлем елдерінде Иранның бренді «Таром-Хошемиге» сұраныс өте жоғары әрі қымбат. Осыны ескерген «Ақтөбе»  шаруашылығы дақылдың жаңа сортын егуді нықтап қолға алды. Сыр диқандары енді экспорттық әлеуетті арттыруды көздейді.   

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

 - Ала жаздай атыз жағалап, тер төккен шаруалардың еңбегі еселеп қайтты. Оның жемісі міне, тау болып  үйіліп жатыр. Шаруашылық 2 мың гектар жерге күріш ексе, оның әр гектарынан 76,5 центнер өнім жинады. Яғни, ел тайқазанына 44 мың центнер дақыл құйды.

Оның негізгі бөлігі «Таром-Хошеми» сорты - ирандық күріш. Былтыр тәжірибе ретінде 70 гектарға егіліп, 100 тонна өнім жиналды.  Иранға сатылды, оның сапасына алушының көңілі толды. Сондықтан, биыл егістік көлемі ұлғайтылды.

Қуаныш Айдаров, агроном:

- Бастапқыда вегетацияға, ауа райына үйренісу қиындау болды. Бірақ, қазіргі уақытта биылғы көрсеткішті алсақ, өнімі жақсы деп айтуға болады. Өзіміздің Қазақстан аумағында егілетін күріштердің егу техникасына ұқсас болып келеді.

Қырман басында қазір жұмыс қауырт. Шаруалар үшін жауапты мерзім.  Ертеде қазан шуақ атанған мезгілдің мамыражай күндерін олар тиімді пайдалануға тырысуда.   

Мырзабек Смағұлов,  қойма меңгерушісі:

- Келген күріштің барлығын тексеріп, қажетті жеріне түсіріп, тазартып барып, агрегаттан өткізіп, сосын қоймаға құямыз. Қазір қаншама астық түсті, 100 мың центнердің үстінде. Соның бәрі агрегат арқылы тазартылып барып, сыртқа да, диірменге де жөнелтіліп жатыр.  

Шаруашылық жиналған күрішті ақтап, өңдеп, қаптап, дайын өнім ретінде экспорттайды. Әлемдік нарықта ирандық күріштің  келісі 3 долларға бағаланады және оны көп елдер таласа алады. 

Нұрхан Мадияров, зауыт меңгерушісі:

- Сұраныс өте жоғары деңгейде жүріп жатыр. 30 тонна, 25 тоннадан күнделікті тиеліп кетіп жатыр. Жоғары технологияда дайындалғандықтан, күріштің сапасы өте жоғары.

Сыр диқандары  келер жылдан бастап ирандық күрішті молынан екпек. Себебі,  Ислам Республикасының өзі жылына 3 миллион тонна күріш  импорттайды. Соның 1 миллионын  өтеуге Қызылорданың мүмкіндігі бар. Қазірден парсы жұртының  Гүлстан, Мазандаран облыстарымен 3 келісімшарт жасалды.  

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу