Көмір бағасы тұрақталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көмір бағасы тұрақталды

02.11.2017

Павлодарда көмір арзандады. Шалғай ауылдардың өзінде тоннасы 12 мың теңгеден сатылып жатыр. Жергілікті әкімшілік пен делдалдар ортақ мәмілеге келген соң, баға тұрақталды. Ал, елдегі көмірдің 60 пайызын өндіретін аймақта екі апта бұрын қатты отынның тоннасы 16 мың теңгеге дейін көтерілген болатын. Қазір Екібастұздағы кеніштер өндіріс көлемін екі есеге дейін ұлғайтты.

 Екібастұз кеніштеріндегі көмірді негізінен ірі станциялар тұтынады. Ал, халытың сұрайтыны – «Майкөбе» көмірі. Қызуы қатты, ұзақ жанады. Күн суытқалы кеніште өнідіріс көлемі 600 мың тоннаға ұлғайды.

Мүсілім Балпақов, «Майкөбен-Вест» ЖШС директорының орынбасары:

- Камаздар Ресейден келіп жатыр. Әсіресе, Алтай өлкесі мен Омбы облысынан. Тұтынушыларымыздың 30 пайызы Қарағандыдан. Өздерінде көмір бола тұра бізге неліктен келіп жатқаны түсініксіз. Тәулігіне 250-260 вагонға көмір тиейміз.

Евгений Фром биыл көмір бағасының жылдағыдан қымбаттағанын айтады. Зейнеткер «Семейдегі Қаражыра кенішінің көмірі үйді жылытуға қолайлы», дейді. Соның өзін 1,5 ай тосуға тура келген.

Евгений Фром, Павлодар қаласының тұрғыны:

-Қаражыра көмірін алдық. 5 тонна. Тоннасы 11 мың теңгеден. Өткен жылы 8 мың теңге болған.  Биыл өте қатты қымбаттап кетті.

Бағаның көтерілуі әсіресе шалғай елді мекен тұрғындарына қатты батты. Ертіс Ресеймен шекаралас аудан. Күн суытысымен алып-сатарлар осы жаққа қарай ағылды.

Әбіләкім Зуланов,  Ертіс ауданының тұрғыны:

- Бұрын 15 мың болған. Қазір 12 мыңнан. Айтсаң өздері түсіріп береді. Көмір өте жақсы. Әкімге рахмет.

Қарияның әкімге алғыс айтар жөні бар. Себебі, Ертіс ауданы бойынша әр ауылдық округ әкімдеріне халықты арзан көмірмен қамту міндеті жүктелген. Қазір облыс орталығындағы көмір қоймаларында бір айға жететін қор бар. Әлі де толықтырылады.  Демек,  өңір қыстан қысылмай шығады деуге негіз бар.

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу