Алматыдағы «MART» cауда орталығындағы эскалатордан құлап кеткен 2 жасар баланы дәрігерлер бүгін ауруханадан шығарды. Олар беті бері қараған сәбидің жағдайы жақсы екендігін айтты. Ал, ата-анасы ешкімге кінә артпаймыз дейді. Тек басқаларға сауда орындарындағы эскалатормен көтерілгенде сақ болуды ескертті.
Осыдан 3 апта бұрын қаладағы сауда орталығында абайсызда 2 жасар баланы әке-шешесі эскалатордан құлатып алған еді. Сол күні олар балаларын ертіп, қыдырып шыққан. Алайда, эскалаторға міне берген кезде Айнұр Бекбасарованың қолындағы 5 айлық баласы жатқан қоларба сырғанап кеткен. Ал, оларға көмектеспек болған әкесі қолындағы Нұрғисаны құлатып алған.
Айнұр Бекбасарова, қала тұрғыны:
- Баламыз өте ауыр халде келді. Бүгін осы аурухана ұжымына алғысым шексіз. Ақ халатты абзал жандардың арқасында баламыз аман-есен. Жақсы қаралды.
Ауыр жағдайдан соң баланың бас-миы мен ішкі ағзалары, кеуде қуысы жарақаттанып, аяғы сынған. «Бүлдіршіннің басындағы сынған бөлікті бірнеше айға уақытша алып тастадық. Ағзасы қайта қалпына келген соң тағы операция жасаймыз», - дейді дәрігерлер. Сондықтан, оған ерекше күтім керек.
Дінмұхамед Рузуддинов, №1 қалалық клиникалық балалар ауруханасы хирургия бөлімі бас дәрігерінің орынбасары:
- Балаға ауруханада бас-ми жарақаты болып ота жасалған. Жағдайы сәл дұрысталған соң, 3-4 күннен кейін жамбас сүйегіне ота жасалынды. Қазіргі таңда баланың жағдайы жақсы. Бүгін оны үйіне шығарып жатырмыз.
Осы оқиғадан кейін аман қалған ұлының көрер жарығы барына қуанған ата-анасы дәрігерлерге алғысын айтты. Ал, ақ халаттылар «Бала толық қалпына келгенше қарауымызда болады», - дейді.
Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ