Мемлекеттік мекемелер мен жеке ұйымдар үшін анықтама алу жеңілдей түсті. Енді бұл мекемелер Халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ қажетті құжаттарын электронды форматта алуға мүмкіндігі бар. Тиісті қызметті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ұсынып отыр.
Сондай-ақ, әр азамат енді өзіне тиесілі ақпаратты аларда оны арнайы SMS -хабарламамен растауы тиіс. Мұндай жаңашылдық Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірлесе отырып жасалған. Бірінші кезекте бұл азаматтарға тиесілі ақпараттың қауіпсіздігі үшін қажет болып отыр. Халыққа қызмет көрсету сапасын арттырып, тиімді ұсыныстар әзірлеу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшысына министр он күндік мерзімде арнайы жоспар дайындау туралы тапсырма берді.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:
- Бұл жерде жүйелі жұмыс жүргізілуі керек. Онда қызмет етіп отырған операторлардың жалақысы өте төмен оны өздеріңіз де білесіздер. Сол жалақы мәселесін көтеруіміз керек. Содан кейін материалдық жабдықты жақсартуымыз қажет. Сол арқылы адамдардың деңгейі өседі және біз тексеру шарттарын қоя аламыз.
Елдос САПАРҒАЛИ