Қазақстанда шығарылған азық-түлік өнімдері Ресейде үлкен сұранысқа ие - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда шығарылған азық-түлік өнімдері Ресейде үлкен сұранысқа ие

08.11.2017

Бұрын біздің тауарлар тек Мәскеу, Санкт-Петербург сынды ірі шаһарлар мен шекаралас өңірлерде ғана сатылса, қазір өзге қалаларға да тарала бастады. Мәселен, Екатеринбургте қазақстандық тауарлардың сатыла бастағанына бір жыл ғана болды. Соның өзінде жергілікті жұрттың көңілінен шығып жатыр.

Игорь Высоков – бұрынғы отандасымыз. Оның сауда-саттықпен айналысқанына жарты жыл ғана болды. Кәсіпкер Екатеринбург қаласында қазақтың ұн мен макарон өнімдерін сатады. Тауарды іргелес жатқан Қостанай мен Қызылжардан тасып жүр.

Виктор Высоков, кәсіпкер:

- Қазақстаннан Ресейге көшіп келген соң, осы іспен айналысу туралы ой келді. Себебі, жергілікті ұн мен макарон бізге мүлде ұнамады. Өйткені, ресейлік өндірушілер азық-түліктің бағасын арзандатамын деп жүріп, сапасын жоғалтып алған. Сондықтан, Қазақстаннан әкелген біздің тауарымызды ресейліктер таласып алып жатыр.

Александр да біздің жерлесіміз. Ол Екатеринбургтегі азық-түлік сататын дүкендер желісінің иесі. Сөредегі мына 300-ден аса өнім түрлерінің барлығы да Қазақстанда жасалған. Кәсіпкердің айтуынша, алғашында жергілікті жұрт жатырқай қарағанымен, қазір қазақстандық азық-түлікті іздеп жүріп алатын болған. 

Александр Федоров, дүкендер желісінің иесі:

- Қазір 7 бірдей азық-түлік дүкенін аштық. Қазақстандық өнімді Екатеринбург қаласы мен облыс аумағына да таратып отырмыз. Айына шамамен 40 тоннадай тауар сатамыз. Қазақстандық азық-түлік туралы жұрттың пікірі өте жақсы. Себебі, оның құрамында консерванттар мен зиянды бояулар жоқ.

Инара Сарсадских, сатып алушы:

- Маған қазақстандық өнімдер ұнайды. Біраз уақыттан бері осы дүкенге арнайы келіп, кәмпит, шоколодтарды алып жүрмін. Ресейлік фабрикалармен салыстырғанда қазақстандық шығарылған тауардың сапасы жақсы.

Екатеринбург – қазақстандық тауарлар үшін жаңа нарық. Себебі, бұл жерде біздің отандық өнім енді-енді тарала бастады. Әйтсе де, бастамасы жаман емес. Бастысы екі елдің кедені ашық, яғни барыс-келіске кедергі жоқ. Сондықтан, азық-түлік сатуды кәсіп еткен қос бірдей жерлесіміз келешекте сауда-саттықты арттырғалы отыр.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу