«Қазақстан халқы» интерактивті картасы әзірленеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан халқы» интерактивті картасы әзірленеді

09.11.2017

Биыл «Қазақстан халқы» интерактивті картасы және көпсалалы мультимедиялық портал құрылады. Мұнда қазақ жеріндегі түрлі ұлттың ұйысуын көрсететін көрнекті әрі толық ақпарат беріледі. Бұл туралы Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысында мәлімдеді. Елбасының жүйелі жаңғыру бастамасы аясында өзге де тапсырмалар тыңғылықты орындалуда. Мәселен, ассамблея мүшелері «Туған жер», «100 жаңа есім» жобаларының жүзеге асуына белсенділік танытып келеді.

Елімізде 41 достық үйі, 1338 этномәдени  бірлестік бар.  Онда 355 мыңнан астам адам жұмыс істейді.  Жалпы, жыл басынан бері олар түрлі бағыттағы 7000-нан астам шара ұйымдастырған.  Сондай-ақ,  Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған қайырымдылық институттары 500 мыңға жуық адамға көмек көрсеткен. Бұл ретте этномәдени бірлестіктердің еңбегі ерен.

Бекзат Алтынбеков, Жезқазған қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы:

 - Ұлттық мәдени бірлестіктің мүшелерін бағыттап, бірлесе жұмыс істейміз. Біздің елімізде келісімнің сақталуына ұлттық мәдени бірлестіктердің жасап отырған еңбегі зор.

Князь Мирзоев, ҚР күрдтер қауымдастығының төрағасы :

 - «Бірлік болған жерде – тірлік бар» деген қазақта мақал бар. 130 ұлт өкілі болса да, баршамыз қазақстандықтармыз. Еліміздің болашағы үшін, экономикалық жағдайы үшін қолымыздан келген бар шаруаны жасаймыз.

Хабарламаларға жазылу