Қазақстанда еттің келісі 100-150 теңгеге арзандауы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда еттің келісі 100-150 теңгеге арзандауы мүмкін

18.02.2014
Қазақстанда еттің келісі 100-150 теңгеге арзандауы мүмкін
  Елдегі еттің келісі 100-150 теңгеге арзандауы тиіс. Бұл кәсіпкерлеріміздің Ресей нарығына еркін еніп, бәсекелесуіне жол ашады. Біздің еттің сапасы сын көтереді, бастысы - бағасы төмендеуі тиіс.
 
Әттең, тек жемнің құны қымбат болып тұрғаны. Егер осы мәселенің түйіні тарқаса, ет экспортын еселеуге мүмкіндік туады. Бүгінгі Үкімет отырысында отандық ауыл шаруашылығының бүгіні безбенделіп, ертеңі екшелді.
 
Үкімет отырысы. Әдеттегідей сейсенбі. Бүгінгі басқосу ауыл шаруашылығына арналды. Сала басшысы сағатқа жуық есеп берді.
 
Сөзіне сенсек, «Сыбаға» бағдарламасының бергені мол болды. 3 жыл ішінде аналық мал басы жоспардағыдан 34 пайызға артық сатып алынды. Яғни, 166 мың бас ірі қара әкелініпті.
 
Сандар сенімге селкеу түсірмейді. Жоспар да жаман емес.
 
 60 мың тонна. Бұл  - 2016 жылға дейін бізден басқа елге экспортталатын ет көлемі. Бірақ әзірге тек жоспарда ғана. Былтыр 4,5 мың тонна ет тасымалданса, биыл бұл көрсеткіш 10 мың тоннаға жетуі тиіс.
 
Асылжан Мамытбеков, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі:
Осы жылға біздің жоспарымыз - он мың тонна. Ары қарай мал басы көбейеді деген ойдамыз.  
 
Сенімді сөйлеуге сандар сеп болса керек. Бірақ сырттан сиыр тасығанша, қолда бар малды асылдандырған жөн екенін түсінген министрлік осыдан бірер жыл бұрын асыл тұқымды мал басын арттыру жобасын енгізді.
 
Бағдарлама енді қолға алынған тұста елдегі асыл тұқымды мал саны жалпы ірі қараның 5,6 пайызына тең болыпты. Ал қазір бұл көрсеткіш 9 пайыздан асып, 40,4 мың мал шетелге импортталған.
 
«ҚазАгро» холдингінің  басшысы Дулат Айтжанов екінші болып есеп берді. Айтуынша, биыл 17 500 кәсіпкерге несие беру жоспарда бар. Былтырдың өзінде шағын және орта бизнесті несиелеу мөлшері 20 пайызға өскен.
 
Дулат Айтжанов, «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы:
Былтыр кәсіпкерлерге 156 миллиард теңге кредит берілді. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін 75 инвестициялық жобаны іске қоспақпыз.
 
Асылжан Мамытбеков ауыл шаруашылығын алға сүйреген үздік он ауданды, сондай-ақ керісінше артқа тартқан 10 нашар ауданды атады. Премьер-Министр аграрлық сектордың әлеуетін еселеуге қауқарсыздық танытқан әкімдерді жазалау керектігін алға тартты.
 
Серік Ахметов, Қазақстан Республикасы  Премьер-Министрі:
Біз тек облыс әкімдеріне ғана емес, аудан басшыларына да алдағы 2-3 жылда отандық мал шаруашылығын дамытудың даңғыл жолын қалыптастыруды тапсырған едік. Неліктен осы уақыт аралығында кей аудандарда - өзіңіз атап өткен, республикадағы үздік ондықта тұқымдық түрлендіруге 35 пайыз мал тартылған? Бұл жаман көрсеткіш емес. Ал қалған нашар 10 ауданда тіпті 0 пайыздан 2 пайызға дейін ғана мал тартылыпты. Неге? Өзіне тапсырылған жұмысын атқара алмайтын қандай әкімдер?
 
Өзге елдерде осы аграрлық секторды дамытуға субсидия көп бөлінеді. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне берілетін көмектің жалпы үлесі Жапонияда - 70, АҚШ-та - 50 пайыз. Ары бармай-ақ Кедендік одаққа мүше Беларусь елінде мемлекеттен 18, Ресейде 10 пайыз қаржылай көмек беріледі. Бізде бұл көрсеткіш бар жоғы 4-ақ пайыз.
 
 Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу