Атырау қаласында 6 жыл ішінде 83 көпқабатты үй терможаңғыртудан өткен. Тек биылға жоспарланған 19 үйдің 14-і бастан-аяқ жөнделді. Қалған бес үйде жұмыс жыл соңына дейін бітуі тиіс. Тағы 40 үйден өтініш түскен. Жөндеу кезінде шатырлар жаңаланып, жертөле мен кіреберістер жылытылады. Заманауи жылу-электр көрсеткіштері орнатылады. Соның арқасында тұрғындар коммуналдық төлемақыны аз төлеп, ақшаларын үнемдеп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде баспаналардың сапасын жақсартуға бағытталған «Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» бағдарламасының іске аса бастағанына алты жылдан асты.
Қызжібек Төлекешова, қала тұрғыны:
- Барлығына су кеткен болды. Қазір сол су кеткен жерлердің үстінен ремонт жасалып, бұрынғы жағдайынан гөрі жақсарып жатыр.
Рүстем Қабдол, «Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС директорының орынбасары:
- Күрделі жөндеу көрмеген үйлер жаңарып, жаңа үйдің есебінде болып жатыр. Мониторинг жүргізіп жатырмыз. Бұрынғы ескі үйлердің бағасы 5000 – 7000 долларға дейін қымбаттап жатыр.
Өнербек ЖАҢАБАЙ