Жаңа жылдан бастап сұйытылған газ бағасы өседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа жылдан бастап сұйытылған газ бағасы өседі

14.11.2017

Бұл туралы Энергетика министрлігінен хабарлады. Қаңтардан бастап сұйытылған газдың шектік бағасы тоннасына 38 мың 701 теңге болып бекіді. Қазіргі шектік баға 34  мың теңге төңірегінде. Энергетика министрлігі тоқсан сайын газ бағасын реттеп отыратыны белгілі.

Бағаның өзгеруін  министрлік әлемдік сұйытылған газ нарығындағы ахуалмен байланыстырып отыр. Сондай-ақ, жаңа жылдан бастап газ нарығын реттейтін заң күшіне енеді. Ол бойынша келесі жылдан бастап мемлекет газ бағасын реттеуден біртіндеп бас тартады.

Мемлекеттік реттеу тек тұрмыста қолданылатын газ бен мұнай-химия зауыттарына берілетін газға жүргізіледі.

Жалпы, соңғы жылдары ішкі нарықта сұйытылған газды тұтыну көлемі күрт артқан. Газбен жұмыс істейтін жаңа кәсіпорындарды айтпағанда, көгілдір отынды қолданатын көліктер саны екі есеге артқан. Бұл үрдіс те баға саясатына әсер ететіні сөзсіз.  

Зияш Қияқбаев, ҚР Энергетика министрлігі Газ өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры:

- 2016 жылы Қазақстанда сұйытылған газды отын ретінде пайдаланатын автокөліктердің саны 160 933 болса, 2017 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 333 мыңға өсті. Яғни, осы уақыт аралығында салыстырмалы түрде сұйытылған газды тұтынатын көліктердің саны шамамен 2 есе артқан.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу