Павлодар облысындағы Панфилов ауылына су құбыры тартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысындағы Панфилов ауылына су құбыры тартылды

20.11.2017

Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамти алмай отырған облыстардың бірі - Павлодар. Мәселен, аймақта 400-ден астам елді мекен бар. Екі жыл бұрын солардың 19 пайызы ғана орталықтандырылған су жүйесіне қосылған болатын. Биыл 30 пайыздан асты. Қауға салып, құдықтан су тарту машақатынан құтылған ауыл тұрғындарының қуанышымен тілшіміз Болат Аманбаев бөлісіп қайтты.

200-ге тарта түтіні бар Панфилов ауылы егінмен күн көріп отыр. Топырағы құнарлы, астық өсіруге қолайлы болғанымен, жерасты суы 80 метр тереңдікте. Ауыл тұрғындары ауызсудың өзін 2 шақырым жердегі бастаудан тасып ішетін. Биыл сол машақаттан құтылды.

Татьяна Феткалова, Панфилов ауылының тұрғыны:

- Екі шелекті суға толтырып, иін ағашпен иыққа салып әкеліп жүрдік. Үлкенірек ыдыс алып, арбамен тасыдық. Өте ауыр болды. Балалар мектептен келіп, үйдегі малды сонда апарып суарады. Үлкен, кішіге тыным жоқ әйтеуір.

Су әр үйге кіргізілді. Орталықтан 20 шақырымға дейін құбыр тартылды.

Дмитрий Сиваков, мердігер компания өкілі:

- Бюджеттен 500 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес, мамыр айында басталған болатын. Суық түсіп кететін болғандықтан, біз жұмысты жылдамдатып, тапсырылуға тиіс мерзімінен 1 ай бұрын аяқтадық.

Беловод және Май топтық су құбыры. Бұл республикалық бағдарламаға енген жобалар. Май ауданында жұмыс басталып, көпке бармай тоқтап қалды. Ал, Ертіс ауданында ауыл ішіндегі құбырларды іске қосу енді қолға алынып жатыр. Әзірге елді мекендердің 15 пайызы ғана орталықтандырылған су жүйесінің игілігін көріп отыр.

Серік Батырғожинов, Ертіс ауданының әкімі:

- Ертіс ауылы сол Беловодтық құбырдан су алып отыр. Ендігі жылы 1-ші жартыжылдықтан кейін осыған тағы 5 ауыл қосылатын болады. Одан басқа тағы үш ауылға құжаттама дайындап жатырмыз. Ол Ынтымақ, Үлгілі, Қарағаш ауылдары.

Дегенмен, сең қозғалды. Биыл 40-тан аса елді мекен тұрғындары қуанышқа кенелді. «Сапалы ауызсу» бағдарламасын жүзеге асыруда республика бойынша кенже қалып келген аймақта әрі қарай да бұл бағыттағы жұмыстар тоқтап қалмақ емес.

 

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу