Алматыда №173 мектеп-лицейінде газдан уланған балалар үйлеріне қайтарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда №173 мектеп-лицейінде газдан уланған балалар үйлеріне қайтарылды

20.11.2017

Алматыда өткен жұма күні №173 мектеп-лицейде оқушылар жаппай газдан уланған. Бүгін дәрігерлер балалардың жағдайы бірқалыпты, барлығы үйлеріне қайтарылғандығын айтты. 7-сыныптың бір оқушысы үзіліс уақытында қорғануға арналған уытты газ балонын ауаға сепкен. Сол сәтте дәлізде жүрген қатарластарының көздері жасаурап, тұншыққан. Абырой болғанда, жедел жәрдем дер кезінде жеткен.

Оқиға өткен аптада жұма күні болған. Мектептің 2-ші қабатының дәлізінде орын алды. Сағат 4-5-тер шамасында. Сол кезде мектеп ұжымы дүрліккенімен, қазір барлығы жақсы. Балалар қайта сабаққа оралды. Ал, мектеп ұжымының тарапынан әртүрлі тәрбиелік жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Үзіліс кезінде мектептің дәлізіне тараған жағымсыз иіс 2-қабатты түгел жайлаған. Осы уақытта сабақтарына асыққан оқушылар ауаға шашылған газдан бастары айналып, жөтеле бастаған.

Даниал Баймахан, №173 мектеп-лицейінің оқушысы:

- Ол оқиға 3-сабақтан кейін болған. Біз асханада отырғанбыз. Бізді 1-қабаттан жібермеді.

Ештеңені ұқпаған оқушылар қорыққаннан жылап, шу шығарған соң мұғалімдер тез арада есік-терезелерді ашқан. Сөйтіп, оларға мектептің медбикесі шұғыл арада көмекке келген.

Әсел Бисенбаева, қалалық ана мен бала денсаулығын сақтау бөлімінің басшысы:

- Ауруханаға түскен оқушылардың саны - 37. Оның 7-уі амбулаторлық тексеріске жіберілді. Ал, 30-ы ауруханаға жеткізілді. 29-ы бөлімшеде қаралды, ал, 1 қыз жансақтау бөліміне түсті. Оны тағы бір күн қосымша тексердік. Келесі күні барлық баланы үйлеріне қайтардық.

Енді бүгіннен бастап мектепте қатаң тәртіп орнады. Себебі, осы оқиғадан кейін мұғалімдер ата-аналарға ескерту жасап, бұдан былай балаларды мектепке тексеріп кіргізетіндігін айтты.

Гүлмира Байғазиева, №173 мектеп-лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

- Бұрын да балаларды бақылауда ұстайтынбыз. Енді одан әрі күшейту керек.

Сондай-ақ, әрбір оқушының мінез-құлқы мен тәртібі қатаң бақыланбақшы. Ал, балалардың улануына себепкер болған жас жеткіншек ерекше қадағалауға алынды.

Салтанат Әзірбек, қалалық ІІД ресми өкілі:

- Түсіндірме-профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Ата-анасы қатаң қадағалау жұмыстарына шақырылған болатын. Арнайы есепке тұрғызылды.

Қазір тәртіп бұзған оқушының ісі мен мәселенің мән-жайын тергеушілер бүге-шүгесіне дейін анықтап жатыр.

 

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу