Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты. Мемлекеттік қызметті элеткронды форматқа ауыстыру бойынша жүйелі жұмыс атқарылыпты. Тіпті, үйде кейбір құжаттарды халыққа қызмет көрсету орталықтарына келмей-ақ алуға болады. Мемлекеттiк корпорация жұмысының маңызды бағыты - шалғайдағы ауыл тұрғындары үшiн қызметтердiң қолжетiмдiлiгiн арттыру. Осы мақсатта Қазақстан бойынша 70 мобильдiк қызмет көрсету орталығы жұмыс iстейдi.
Әйгерім Бекбосынованың үш баласы бар. «Алтын алқа» иегері атанғысы келеді. «Алайда, босанған соң құжат жинау машақаты қиын», деп налиды ол.
Әйгерім Бекбосынова, қала тұрғыны:
- Баламызды дүниеге әкелгеннен кейін құжат жинау жағы қиындау. Әсіресе, жас балалы аналарға қиын. Баланы қалдыратын адам жоқ, әрине. Есік тоздырып, жүресің әр есікті қағып. Осының оңай жолдары болса екен деген тілегіміз бар.
Бұдан былай нәрестенің туу туралы куәлігін алу процесі жеңілдейді. Яғни, ата-анасы тиісті мәліметтерін мемлекеттік қызмет көрсету орталығына СМС-хабарлама арқылы жөнелтеді. Мәжілістегі Үкімет сағатында Дәурен Абаев осылай деді. Елімізде қазір 122 қаланың барлығында жылдам интернет бар.
Мұхтар Ерман, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Менің сұрағым. Ауылда тұратын ағайынды осы жүйелерге қосу, сондай-ақ, мемлекеттік қызметтерді ауылдық округтерге қосу процестері қашан және қалай шешілмек?
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:
- Қалып отырған 4 мыңға жуық ауыл. 1200 ауылды мекенге жылдам интернетті жеткізу жобасын дайындадық, 3 жылда жеткіземіз.
Елбасы мемлекеттік қызметті мүмкiндiгiнше азайтып, бәсекелестiк ортаға беру керек деп айтқан болатын. Бұл бүгінгі күні өзекті. Жалпы, қазір 746 мемлекеттік қызмет көрсетіледі.
Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Менің сұрағым Ұлттық экономика министрлігіне. Қазіргі таңда министрлік бұл салада не істеп жатыр? Қандай талдау жасалды?
Айбатыр Нышанбаев, ҚР Ұлттық Экономика министрінің орынбасары:
- Өткен жылы мемлекеттік қызмет реестрден алынды. Жұмыстар жалғасып жатыр.
Өткен жылы «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 37 млн. мемлекеттік қызмет көрсетілген. Халық тарапынан 15 млн. мекенжай туралы анықтамаға, 2,4 млн. жылжымайтын мүліктің жоқтығын растайтын анықтамаға тапсырыс түскен. Жыл аяғына дейін «Анықтамасыз қызмет» жобасы іске қосылмақ. Енді бұл анықтамаларды талап ететін тарап электронды үкімет порталынан алады. Жалпы, 104 мемлекеттiк қызмет бойынша ұсыныстарды мүдделi мемлекеттiк органдар жүзеге асырған жағдайда бiр жылда 30 млн. құжаттың көшiрмелерiн талап ету қысқартылады. 12 қызмет бойынша азаматтың жеке өзi келуi қажет етiлмейдi. Қызмет көрсетiлетiн мерзiм орташа алғанда 11 күнге қысқартылады. Тағы бір жағымды жаңалық, Халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлерінің жалақысы өседі. Қазір ол орта есеппен 65 мың теңге.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:
- Келесі жылдан бастап бюджет арқылы жалақыны көтеруді көздеп отырмыз.
Мәжілістің фойесі көрме залына айналған секілді. Бүгін мұнда барлық заманауи техниканы алып келген. Мәселен, 18 миллион теңге тұратын пилотсыз ұшу аппараты топографиялық суреттерді жасауға мүмкіндік береді. «Болашақта осындай аппарат әр министрлікте болады», дейді мамандар.
Сонымен қатар, операторлардың қатысуынсыз мемлекеттік қызметтерді толықтай автоматтандырылған режимде алу мүмкіндігі бар. Астанада операторсыз ХҚКО ашылады. Осы орайда азаматтар қоғамдық пунктер, өзіне қызмет көрсету секторлары мен арнайы стендтердегі планшеттер көмегімен электрондық өтінімдерді береді. Осындай жағымды жаңалықтарымен келген министр жаңашылдықтардың барлығы көп кешікпей енгізілетінін айтты.
Индира БЕГАЙДАР