Әсіресе, шикізаттық емес салада өсім бар. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық жиынында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Әлемде белсенді тауар экспорттайтын 113 ел бар. Соның ішінде Қазақстан 52-орынды иеленді. Ал, уран, мыс, титан, ферроқорытпа, сары фосфор, ұн, мақта майы, бидай, зығыр тұқымын жеткізу бойынша әлемде алдыңғы қатардамыз. Бұдан басқа, қазақстандық автокөлік пен электровоз, трансформатор, теміржол рельсі және әскери өнеркәсіп өнімдері көрші елдердің сұранысына ие. Осы жылдың басында Елбасы өз Жолдауында шикізаттық емес тауардың экспорттық көлемін еселеуді тапсырған болатын. Қазір жұмыс жоспарға сай атқарылуда.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
- Соңғы бес жылда экспорттың сапалық құрылымы едәуір жақсарды. Шетелдерге жеткізілетін өнімнің 3/1 экономиканың шикізаттық емес секторына тиесілі. 2017 жылдың 9 айында өңделген тауар экспорты 22 пайызға өсіп, 11 млрд. АҚШ долларынан асты.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ