Батыс Қазақстан облысында 22 бала аяқ астынан ауруханаға түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысында 22 бала аяқ астынан ауруханаға түсті

21.11.2017

Бөрлі ауданының Қызылтал ауылындағы мектеп оқушылары асханада тамақтанғаннан кейін өздерін жайсыз сезінген. Дәрігердің көмегіне жүгінген жасөспірімдердің дені бүгін үйлеріне қайтарылды. Бесеуі әлі ауруханада. Құзырлы органдар оқиғаның анық-қанығын тексеріп жатыр.

Тілшілерді аудандық аурухананың есігінен әрі өткізбеді. Науқастанған балалардың ата-аналары таңмен осында жүр. Бас дәрігер шақырыпты. Бірақ, ата-аналар сұхбат беруден бас тартты. Тілдесуге келіскен Любовь Тұрсынғали баласының астан уланбағанына сенімді.

Денсаулығы сыр берген жеткіншектер 6-7-сыныптың оқушылары. Олар кеше түстен кейін мектеп асханасынан ыстық тамақ ішкен. Бір сағаттан кейін 4 бала сынып жетекшісіне іші ауырғанын айтып шағымданады. Кейін мектеп медбикесі басқа сынып оқушыларының да жағдайын сұрастырған. Сөйтіп,  «ішім ауырды» деген 22  оқушы кешкі сағат 7-ге таман аудандық ауруханаға жеткізілді. Тексеруден өткен соң,  бүгін 17 бала  үйлеріне жіберілді.

Қанат Төсекбаев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

 - Ауруханада 5 науқас қалдырылды. 5 баланың 3-не гастрит деген диагноз қойылды. Ал 2-іне тонзиллит, фарингит деген диагноз қойылған болатын. Кеше кешке бірден біздің облыстық орталықтан бас инфекционист маман жіберілген болатын. Олардың бәрі лабораториялық зерттеу жүргізіп жатыр.

Әзірге «жаппай астан ұшыну» дерегі нақтыланған жоқ. Балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз етіп келген жеке кәсіпкер осы мектепке екінші жыл қызмет көрсетеді. Қалай болғанда да  22 баланың бір мезетте сырқаттанып қалуы күмән туғызады.

Орынбасар Төлемісов, Бөрлі аудандық білім беру бөлімінің басшысы:

 - Санэпидемстанция анализдер алды. Нәтижесі әлі шыққан жоқ.

Брифингке келген мамандар зерттеу қорытындысының бүгін түстен кейін жарияланатынын мәлімдеген болатын. Алайда, сараптама нәтижесі сол күйі айтылмады.  

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу