Ескі моншада тұрып жатқан көпбалалы ана жетінші сәбиін аман-есен босанып, үйіне шықты. Өткен аптада ғана бұл отбасы туралы бейнематериал берген едік. Ұлттық арнаның эфирінде көрсетілген сюжеттен кейін Қарасай ауданының дәрігерлері оған көмек көрсетіп, перзентханада босануына жағдай жасаған. Дәрігерлер жаңа туған нәрестенің денсаулығына алаңдаулы. Десе де, батыр ананың ауыр жағдайына бейжай қарамаған жергілікті билік «демеушілерді жұмылдырып, үй салатын жер береміз», - деді.
Тастан тұрғызылған тар моншаны паналаған Гүлбану Ысқақованың жағдайы мәз емес екенін бұған дейін айтқанбыз. Тұмырсық үйде тарыққан балалар шетінен көк жөтел, тұмау тиген. Бірақ, басқа барар жері жоқ. Сондықтан, ескі моншаны тастап та кете алмайды.
Гүлбану Ысқақова, көпбалалы ана:
- Басқа жерге кетіп қала алмаймын. Кімнің үйіне барамын? Мыналарды тастап кетіп барғанмен, мені кім кіргізеді, ешкім кіргізбейді.
Көз жасына ерік берген Гүлбану қыстың көзі қырауда шарасыздықтан осында қалуға мәжбүр. Өйткені, балалары жақын жердегі мектепке үйреніп қалған. Ал, «Тас үйдің жылуы болғанымен, сәбидің денсаулығына кері әсер етеді», - дейді дәрігерлер.
Ақайша Сарина, Жамбыл ауылының дәрігері:
- Мына жерде бәрі жөтеліп отырғаннан кейін балаға да қиын болады, ауырып қалуы мүмкін.
Ал, отағасы Жақсылық Әбдиев үшінші топтағы мүгедектігіне мойымай еңбек етіп, жалданып жұмыс істейді. «Егер еншімізге тоқымдай жер тисе, ешкімге кіріптар болып, қол жаймай балаларыма жайлы үйді өзім салар едім», - деп отыр.
Жаңалық Әбдиев, Гүлбану Ысқақованың жолдасы:
- Әкімдік тарапынан жер беріп жатса, жағдайым жұмысқа жарайды.
Ал, бұл отбасының жағдайымен бірнеше жылдан бері таныс ауыл әкімі тулақтай жерді таппай отырғанын жеткізді. Бірақ, мәселені шешу жолдарын қарастырып жатыр.
Бекзат Мыржиев, Жамбыл ауылының әкімі:
- Жер кезегі арқылы беріледі. Ол кісілер 86-шы кезекте болғандықтан, қазіргі таңда жер жоқ. Бірақ, біз бұл отбасыға қарастырып жатырмыз. Алдағы уақытта шешімін табады деген сенімдеміз.
Нұрлан Асқарұлы, тілші:
- Қазір кішкентай сәби бесікте еш алаңсыз ұйықтап жатыр. Ол үй дегеннің, күй дегеннің не екенін білмейді. Тек тамағы тоқ, анасы қасында болса болғаны. Ал, бірақ ол да ертең өскен кезде аға-әпкелері сияқты жақсы үйде тұрсам деп армандайтын болады.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ