Жолдың бойында ана мен баланың өмірін аман сақтап қалған мейірбике «100 жаңа есім» жобасына енді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жолдың бойында ана мен баланың өмірін аман сақтап қалған мейірбике «100 жаңа есім» жобасына енді

22.11.2017

Батысқазақстандық 29 жастағы маман айы-күні жетіп, жол үстінде толғағы қысқан жүкті әйелді акушер-дәрігердің көмегінсіз өзі босандырып алған. Қызметіне деген адалдық пен өжеттіліктің өнегесі, қайсар қызбен тілшіміз кездесті.

Оқиға Орал-Тасқала тасжолының бойында болған. Қалаға бет алған көліктегі аяғы ауыр келіншек әрі қарай шыдай алмайтынын айтып, Переметное ауылынан «жедел жәрдем» шақыртады. Бірақ, ол кезде аудандық ауруханадағы акушер-дәрігер еңбек демалысында болады. Оқиға орнына жеткен медбике тез шешім қабылдап, бар күш-жігерін жинап, ананы аман-есен босандырып алады.

«Жедел жәрдем көлігі» шақыртылған жерге 10 минутта жеткен. Қас-қағым сәтте шарана дүниеге келіп, көліктің ішінде сәбидің кіндігі кесілген. Назерке қазір төрт айлық.

Роза Дүйісова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

- Жолда босанып қалдым. Сіңлімнің көлігінде. Жедел жәрдем көлігі алдымыздан шықты. Әйтеуір, сондай акушерге тап болғаныма қуанамын. Себебі, кейбірі қобалжып қалады, кейбірі қорқады. Ол бірден «осылай болады, осылай тыңдайсың, осылай істейміз» деп, 5-6 минуттың ішінде босандырды. Қызым ауырмайды, бәрі жақсы.

«Ең ауыр соққаны – баланың теріс келгені», - дейді Елена Шушлебина. Мұндай жағдайға алғаш рет тап болғанына қарамастан, мейірбике жауапты сәтте абдырап қалмады.        

Елена Шушлебина, Зеленов аудандық ауруханасының учаскелік медбикесі:

- Бар күш-жігерімді жинадым. Әрине, қорқыныш болды. Қасымда көмектесетін ешкім болған жоқ. Барлық оқыған-тоқығанымды, медициналық әдіс-тәсілді есіме түсірдім. Ана да маған көмектесті. Соның арқасында дені сау бала дүниеге келді.

Дәрігерлер мұндайда «маман сәл қалт кетсе, баланың мүгедек болып тууы немесе іште өліп қалуы әбден мүмкін», дейді. Жас болса да, қайрат көрсеткен Ленаны әріптестері мақтан тұтады.

Мақсат Оразбаев, Зеленов аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Лена бізде өте елгезек. Өз ісіне өте жауапты. Дұрыс тактикалық шешім қабылданып, біздің акушеріміз бен медициналық қызметкерлеріміздің біліктілігінің арқасында ана да, бала да дені сау болып, қазір ортамызда жүр.

Елена Шушлебинаның ауруханада еңбек етіп жүргеніне 9-ақ жыл. Бірақ, алғашқы ондықта аты озып тұр. Жалпы «100 жаңа есім» жобасына өңірден 305 үміткердің есімі жолданған. Енді олардың өнегелі өмірі жайлы деректі фильмдер түсіріліп, жинақ шығарылып, еңбегі мен ерлігі, бастан кешірген боямасыз оқиғалары насихатталады.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу