Радиоактивтік изотоптың тарағаны анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Радиоактивтік изотоптың тарағаны анықталды

22.11.2017

Еуропа аспанына қыркүйектің соңында радиоактивтік бұлт қайдан жетті? Қазақстаннан ба, әлде Ресейден бе? Бұл сауалдарға жауап табылған тәрізді. Ресей метеорологтарының мәліметінше, Орал тауларында радиоактивтік изотоп мөлшері тиісті мөлшерден мың есеге жуық асып кеткен. Мұндай бұлтты осы аймақтағы екі метеорологиялық станция анықтап отыр.

Айта кетсек, қарашаның 9-да Францияның ядролық қауіпсіздік институты Еуропа аспанына ядролық бұлт Ресейде немесе Қазақстанда болған қандай да бір апаттан жетті деп хабарлады. Бірақ, мұны Мәскеу де, Астана да жоққа шығарды. Еліміздің ядролық физика институтының мәлімдеуінше, оның ғылыми-зерттеу реакторы мен Батыс Қазақстандағы қолданыстан шығарылған сынақ алаңдарында рутений 106 заты табылмаған.

Ал, «Гринпис» халықаралық ұйымы Еуропа аспанын ластаған бұлтқа байланысты Ресей прокуратурасына шағым түсіріп жатқанын ескертті. 

Рашид Әлиев, «Гринпис-Ресей» ұйымы улы заттар бағдарламасының үйлестірушісі:

- Рутений 106 – техногендік радионуклид. Қалыпты жағдайда ол атомосферада болмауы тиіс. Бұл заттың ауаға тарауы бір жерде апат болғанын білдіреді.  Мәселе тергелуі керек. Сондықтан, «Гринпис» Ресей прокуратурасына шағым түсіріп жатыр.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу