Өткен жылы мемлекеттік орган қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне байланысты кәсіпкерлерден 45 мыңға жуық шағым түскен. Биылғы жарты жылда тағы 18 мың арыз-шағым қабылданған. Бұл туралы бүгін Бас прокуратура мен «Атамекен» кәсіпкерлер паласы ұйымдастырған жиында айтылды. Кәсіпкерлер палатасы бизнеске бөгет жасаған лауазымды тұлғаларды жазалауды күшейту керек деген ұсыныс айтты. Себебі, заңбұзушылық көп, бірақ жазаға тартылғандар аз.
Мысалы, биыл кәсіпкерлердің құқығын бұзу фактілері бойынша тек 20 лауазымды тұлғаға әкімшілік жаза қолданылған. Жиын соңында бизнесті қорғау бойынша жаңа жол картасы қабылданды. Мұндай құжат бұған дейін де болған. Соның аясында кәсіпкерлерге қатысты бірқатар заң нормалары жеңілдетілді. Енді әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекс қайта қаралып, бизнес жүргізуді жеңілдетуге бағытталған тағы бір топ өзгерістер енгізілмек.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ