Астанада 10 айда  564 өрт оқиғасы тіркелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада 10 айда  564 өрт оқиғасы тіркелді

23.11.2017

Жыл басынан елордада 9 адам тілсіз жау өрттен қаза тапқан. Бүгін осы жылдың он айын қорытындылаған Астана қаласы төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы Еркін Отарғалымұлы осылай деді. Жалпы жыл басынан бері Астанада 564 өрт тіркелген. Өткен жылмен салыстырғанда төтенше жағдай саны артқан. Өрт сөндірушілердің дерегіне сүйенсек, өрттің 62 пайызы жеке тұрғын үй алабында болады екен. Күн суып, жеке үйлерде от жаға бастағалы бұл мәселе тіпті өзекті бола түскен.

Мысалы, жылыту маусымы басталғалы 2 адам ыстан көз жұмған. Төтенше жағдайлар басқармасы мамандарының айтуынша, улы газдың таралуына тұрғындардың бейғам тірлігі себеп көрінеді. Қауіпсіздік талаптары сақталмайды. Түтік бітеліп, пеште пайда болған жарықтар мен күйіктер ыстың таралуына тікелей әсер етеді.

Еркін Отарғалымұлы, Астана қаласы Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы: 

 - Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті ресми сайтында және парақшасында қоғамға қажетті барлық ақпарат орналастырылған. Халықта қандай да бір сұрақ туындаса, елордада бар үш аудан басқармаларынан тікелей ойларында жүрген сұрақтарына жауап алуларына болады.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу