Оңтүстік Қазақстан облысының бір ғана Сарыағаш ауданында соңғы 2 жылда жаңадан 8 мәдениет үйі мен орталық кітапхана салынды. Соның арқасында шалғайдағы елді мекендерде руханият пен өнердің дамуына жол ашылып отыр. Сондай-ақ, орталық кітапхананың жаңа ғимаратқа қоныстануы да оқырмандарға қолайлы жағдайлар туғызды. Қиын-қыстау кезеңде қолда бар кітап қорын сақтап қалған кітапханада бүгінде 630 мыңнан астам құнды дүние бар.
Сәдуақас Сейданов - орталық кітапхананың тұрақты оқырманы. Аптасына бір рет оқығысы келген шығармаларын жаздырып алып кетеді. Кітап оқуды өміріне серік еткен ол кітапхана қорының аса бай екенін және үнемі жаңа туындылармен толығып отыратынын айтады.
Сәдуақас Сейданов, оқырман:
- Жас кезімнен кітапты көп оқитын едім. Оның үстіне, зейнеткерлікке шыққан соң тіптен қолым босады. Таңертеңнен кешке дейін ермегім - осы. Кітап - менің өмірім.
Ауданда Сәдуақас аға секілді 46 мыңнан астам тұрақты оқырман бар. Оларға аудан бойынша 59 кітапхана қызмет көрсетеді. Кітапханалардың дені интернет желісіне қосылған. Кітаптар электронды тіркеуге алынады. Енді кітапханалардың ғаламторда арнайы сайты ашылмақ. Бұл оқырманға қажет кітаптарды жылдам табуға мүмкіндік береді.
Сағила Ілиясова, Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мекемесінің директоры:
- Сайт ашылатын болса, біздің бүкіл ауылдық кітапханаларымыздың кітаптары сайтқа жазылады. Бізге түскен кітаптың барлығы автоматты түрде қай кітапханада бар екені, қай жерде сақтаулы екенін білуге мүмкіндік туады.
Сарыағаштағы мәдениет үйлері бүгінде ауыл халқының тек концерт немесе мәжіліс кезінде ғана емес, күнделікті бас қосатын орнына айналды. Қазір мұнда 36 мәдениет ошағы жұмыс істейді.
Әбіләзім Жаншуақов, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:
- 2013 жылы «Мәдениетім - мерейім» облыстық байқауында бас жүлдені жеңіп алдық. 2015 жылы тағы жеңдік бас жүлдені. Екі «Газель» иемдендік. Биыл тағы қатыстық.
Жұртқа рухани азық беретін өнер ордаларының саны келешекте бұдан да артқалы отыр. Келер жылы ауданда 9 кітапхана және 9 мәдениет үйі салынбақ. Қазір олардың сәулеттік жобалау құжаттары әзірленіп жатыр.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ