Астана іргесіндегі Талапкер ауылында төрт балалы жалғызілікті әке тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана іргесіндегі Талапкер ауылында төрт балалы жалғызілікті әке тұрады

24.11.2017

Қазір шиеттей бала-шағасымен жарын тастап кетті немесе баласынан бас тартты дейтін жағымсыз жаңалықтарды жиі естиміз. Жауапкершіліктен жалтарып, қиындықтан қашатын тасжүрек әкелер көбейген болар. Бірақ, баласы үшін күресіп, түрлі тауқыметке қарамастан әкелік парызына адал азаматтар да бар. Солардың бірі  - Астананың іргесіндегі Талапкер ауылының тұрғыны Нұрлан Ахметжанов. Оның он жыл отасқан жары былтыр бақилық болған. Ауыр дерт төрт баланы анадан айырды. Бірақ, Нұрлан тағдырдың соққысына мойымай, балаларына қамқор, қорған болып жүр.

Ер бала үшін әкенің әңгімесінің өзі - өмірдің әліппесі. Себебі, мінез, болмыс әкеден жұғады. Сол себепті, Нұрлан Ахметжанов «төрт ұлының алдында әлсіз көрінуге қақым жоқ», - дейді. Қиынның қиюын тауып, бойдағы жігерді жиып, тағдыр мен тұрмыстық тауқыметпен күресіп жүр. Ол балаларының алдында тек бір жағдайда ғана әлсіз, шарасыз.

Ол төрт ұлын тар төрт қабырғада бағып отыр. Оның өзі жалынып, зорға, жалға алған бөлме. Өйткені, көпбалалы, жалғызілікті әкеге пәтерді жалға берушілер сенбейді екен. Қоғам қолдаудың орнына, қорқады.

Нұрлан Ахметжанов, жалғызілікті әке:

 - Әйелің жоқ, балаларың көп екен. Пәтерге төлей алмайсың дейді.

Қазір Нұрлан балаларын мемлекеттің 60 мың теңге жәрдемақысына бағып отыр. Оның 30 мыңы пәтерге кетеді. Өзі жұмыс істейін десе балаларға қарайласар ешкімі жоқ. Кенжесі 4-те, тұңғышы 10 жаста. Оның үстіне, балғындар әкенің қамқорлығына үнемі зәру. Талапкер селолық-округының әкімдігіне барып, көмек те сұрапты. Бірақ, әзірге нәтиже жоқ.

Айбек Ессев, Талапкер ауылдық округі әкімінің орынбасары:

 - Қазіргі таңда Ахметжанов Нұрлан жергілікті тұрғылықты орны бойынша 354-ші болып тұрғын-үй кезегінде тұр. Бірақ, қаладағыдай тұрғын-үй құрылысы қарқынды жүрмейді. Сондықтан, ол кезектің қашан келетіні белгісіз.

Ол өз еркімен көмек сұрағысы келмеді. Әкімдіктегілер үй кезегінің ұзаққа созыларын біліп, жалғызілікті әкенің жағдайына алаңдап, арнамызға хабарласқан еді. Жомарт жандар табылар деген ниет.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу