Қоянды жәрмеңкесінен қалған жалғыз ғимарат құлаудың алдында тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қоянды жәрмеңкесінен қалған жалғыз ғимарат құлаудың алдында тұр

27.11.2017

Ғасырдан астам қараусыз жатқан қойманың есік-терезесі тоналып, қолды болған. Келер жылы Ұлы жібек жолының бойында халықаралық сауда-саттықтың, мәдени қарым-қатынастың жалғасы болған тарихи жәрмеңкеге – 170 жыл. «Осыған орай «Рухани жаңғыру» аясында көне ғимаратты қалпына келтіріп, мұрайжайға айналдырсақ», - дейді тұрғындар. Қазірдің өзінде жергілікті жұрттың қолында бірқатар көне жәдігерлер бар.

Әйгілі Қоянды жәрмеңкесінен қалған жалғыз ғимарат - осы. Бұл бір кездері саудагерлердің тауар сақтайтын қоймасы болған. Кейіннен май зауыты ретінде пайдаланылыпты. Бүгінде есік-терезесі, шатыры тоналып, қаңырап қабырғасы ғана алған.

Қоянды ауылының тұрғындары «170 жылдық мерейтой қарсаңында тарихи ғимаратты қалпына келтіріп, мұражайға айналдырса екен», дейді. Қазір қойманың қақпасы ауыл тұрғыны Қуат Қадырбековтың үйінде. Кезінде металлға өткізбекші болғандардың қолынан сатып алған. Ал, мына қол диірменді құрылысшылар қабырғаға қалап жіберген жерінен әкесі тауып әкелген.

Қуат Қадырбеков, ауыл тұрғыны:

- Металлға алып кетейін деп тұрғанда тиеп алып, КамАЗ-дан түсіріп алдым. Өз ақшама сатып алдым. Міне, осы жерде тұрғанының өзіне 20 жылдан асты.

Осы ауылдың тұрғыны Серік Нәбиянов 50-60 жыл бұрын мұнда жәрмеңкеден қалған көне ғимараттың көп болғанын айтады.

Серік Нәбиянов, ауыл тұрғыны:

- Иесіз қалды. Далада қалған нәрсені кім көрінген алып, жұлып әкетті. Біздің бір кемшілігіміз - тарихи мұраны сақтау жағына өте нашармыз, сақтай алмаймыз. Одан кейін жас ұрпаққа керек деп, 170 жыл өткенде жоғын жоқтап отырамыз.

Егер жәрмеңкеден қалған ескі қойма қалпына келтіріліп, мұражай ашылса, оның ішін толтыратын жәдігерлер ауылда жеткілікті. Жергілікті тұрғындар ақша, күміс тиын, ыдыс-аяқ пен басқа да көне бұйымдарды жиі тауып алатын көрінеді.

Халел Мақсұтов, Қарқаралы ауданының әкімі:

- Нұрлан Қалтаев деген азамат осы ауылға көп көмектеседі. Соның үлкен жоспары естелік ретінде бір мұражай ашса, бұл енді нұр үстіне нұр болар еді. Келер жылы аудандық жәрмеңке өткізбекшіміз. Жәрмеңкеде тек қана мал саудаламайды. Мәдени, спорттық шараларды да өткізу жоспарда бар.

Қоянды жәрмеңкесіне қатысты құнды дүниенің біразы аудандық мұражайдың төрінде. Мәселен, жез самаурынды кезінде Алаш зиялысы Жақып Ақпаев жәрмеңкеден сатып алған. Ал, 1850 жылдары жасалған бұл сейфтерде сауда айналымынан түскен ақша сақталған. Жәрмеңке тек сауда-саттық ісінде ғана емес, көршілес елдермен тұрақты экономикалық байланыс жасауда, халықтың өнері мен мәдениетін дамытуда аса маңызды орын алған.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу