Көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаев 95 жасқа қараған шағында өмірден озды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаев 95 жасқа қараған шағында өмірден озды

27.11.2017

Халық жазушысы, балалар әдебиетінің ақсақалы саналы ғұмырын қазақ ұлтының жеткіншектерін зияткерлік деңгейге көтеруге арнады. Себебі, шайыр жастайынан әкесі мен анасынан айырылып, тағдыр тауқыметін көп тартқан. Сондықтан, қаламгер «ел жастары қиындық көрмесе екен», деп рухани кемелденуіне бар күш-жігерін жұмсады.

Мұзафар Әлімбаев 1923 жылы 29 қазанда Павлодар облысы Шарбақты ауданы Маралды ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған ақынның тырнақалды туындысы 15 жасында-ақ облыстық «Қызыл ту» газетінде жарық көрді. Соғыс жылдарында республкалық және майдандық газеттерде өлеңдері басылған. Алғашқы кітабы 1952 жылы «Қарағанды жырлары» деген атпен шықты.

Ғалым Жайлыбай, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:

- Мұзағаң қазақ руханиятының, қазақ мәдениетінің, тұтас бір дәуірі. Осы Мұзағаңдармен бірге ұлылар тобымен қош айтысқандай күй кешеді екенсің. Елгезек, жаны жақсылықтарға жайылған қалпында Мұзағаң біздің көз алдымызда қалады. 

Ақын 1982 жылы «Аспандағы әпке» жинағы үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған еді. Қаламгер 64 төлтума жазып, қазақ әдебиетінің тарихында өшпестей мұра қалдырды. Оның шығармалары әлемнің 20 тіліне аударылған. Сондай-ақ, сұлу сөздің сүлейі 180 әнге өлең жазыпты. Халық жазушысы 1958 жылы «Балдырған» журналы ашылған күннен бастап 1986 жылға дейін бас редактор қызметін атқарған.

Дүйсен Мағлұмов, «Балдырған» журналының бас редакторы:

- Мұзағаң 1958 жылдың шілде айында «Балдырғанның» бірінші санын шығара бастаған. Үлкен жетістіктерге жеткен. Бір кездері Мұзағаңның арқасында «Балдырғанның» тиражы 400-500 мың данаға жеткен кезі болды . 

«Балалар әдебиетінің атасы» атанған айтулы ақын ұрпақ тәрбиелеуді ұлттың кемелденуінің кілті деп білді. Сондықтан, қаламгер «мектеп ұстаздарына ерекше талап қою керек» деген қағидасын жиі айтатын.

Мұзафар Әлімбаев, Халық жазушысы:

- Меніңше, ұлттық тәрбиемен сусындаған мұғалімдердің саны жетпейді. Қазақтың халық жырынан бастап, қазақ даласының құмына дейін қадірлей білетін адам сабақ беру керек, солар тәрбие беру керек. 

Туған топырағын әркез қадірлеп, қастерлеп өткен ақын ел мен жерге деген сағынышын «Маралдым» әнімен жеткізген. Қазір әсем, әуезді әнді көпшілік жатқа айтады. Ал, қаламгердің ел-жұртты бірлікке шақырып, тұтастыққа үндеген ұлағатты сөздерін ешкім естен шығарған жоқ. Міне, осыны еске салу үшін Ұлттық арнаның архивіндегі жазушының сөлді сөзін тағы бір ұсынамыз.

Мұзафар Әлімбаев, Халық жазушысы:

- Қазақстан қазір құдайға шүкір, ең бір зор бақытымыз - саяси тұрақтылық, ұлттардың арасындағы ұғынысу. Бұл басқалардың маңдайына бұйырмай отырған бақ. Біз соны өзімізге өзіміз көпсінбейік. Біз бірімізді-біріміз бірлікке шақырайық.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу