Қызылорда облысында кәсіпкерлік саласы тұралаған ауылдық округ әкімдері қызметінен кетуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында кәсіпкерлік саласы тұралаған ауылдық округ әкімдері қызметінен кетуі мүмкін

28.11.2017

Қызылорда облысының әкімі барлық деңгейдегі әкімдер мен сала басшыларын сынға алып, қатаң ескерту жасады. Себебі, облыста жыл басынан бері 5 мыңға жуық жаңа бизнес нысаны тіркелсе, оның 86-сы көп ұзамай жабылып қалған. Олардың арасында мемлекеттің қолдауымен ашылғаны да, кәсіпкердің жеке қаражатымен іске қосылғандары да бар.

Бұл - Жалағаш ауданындағы индрустриалды аймақ, инфрақұрылымы шешілген, сондықтан, кәсіпкерлерге тірлік істеу үшін жер телімдері бөлініп, берілген.  Диодты шам шығаратын зауыт та осында орналасқан, жоба бойынша онда жылына 30 мың данадан астам диодты шам шығарылуы тиіс еді. Бірақ, қазір ол жұмыс істемей тұр.

Жер тегін. Нақты жоспар бар. Бірақ, 2015 жылы ашылғанымен, бір жылға жетпей жабылды. Қуат көзін 3 есеге дейін үнемдейтін және жарамдылығы ұзақ шамдар бүгінгі нарық заманында өте қажет өнім болса да, кәсіп өркендемеді.    

Ақылхан Бозшаева, цех меңгерушісі:

- Аудан орталығынан бір көше берілді. Соған өнімді шығарып, шамдарды қадап қойдық. Содан кейін бізде тапсырыс болған жоқ. Бұрынғы зауыттың құрал-жабдықтары сол қалпында тұр. 

Амал жоқ, бұл жабдықтар енді тігін цехында пайдаланылуда. Шам құрастыруға машықтанған мамандар тігінші болып кетті.

Светлана Пірманова, тігінші:

- Тігін оқуын оқып, осында жұмыс істеп жатырмыз. Тапсырыс болып жатса, шамды да жасаймыз.

Бастапқыда болашағы зор деп танылған жоба республикалық индустрияландыру картасынан алынып тасталды. Құны 98 миллион теңгеге бағаланған жұмыс жеміс бермеді. Ал, бұл мия тамырын өңдеу зауыты. Мұнда жылына 6 мың тонна мия тамырын өңдеп, дәрі-дәрмек жасау көзделген болатын. 500 адам жұмыс істеді. Бірақ, қазір оның бірде-біреуі жоқ.

Зауыт басшылығымен жолыға алмадық. Ал, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі  облыстың ғана емес, ел экономикасына серпін береді деген тың жобаның жүзеге аспау себебін сұрағанымызда, қысқа ғана қайырды.

Жасұлан Еспембет, Жалағаш аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- Ол кісілердің өндірген өнімдері өзінің шығындарын ақтамағандықтан, қазіргі таңда тоқтап тұр.

Екі кәсіпорынның мәселесі екі түрлі. Бірақ, мемлекеттің қолдауымен мұндай проблемаларды шешуге мүмкіндік бар. Бұл орайда шағын және орта бизнес өкілдерін демеп, олардың жобаларының жүзеге асуына әкімдер мен сала басшылары да мүдделі болуы керек. Сондықтан, бұдан былай өңірде кәсіпкерлік саласы кенжелеп қалған ауыл-аймақ әкімдеріне қатаң шара қолданылуы әбден мүмкін.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу