Алматыда тәртіпсіздік жасауды жоспарлаған бір топ бұзақылар ұсталды. Бұл туралы қалалық Ішкі істер департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек айтты. Оның сөзінше, қалалық Ішкі істер департаментіне қарасты арнайы басқарманың қызметкерлері жоспарлы операция кезінде үш азаматты қолға түсірген. Қазір Қылмыстық кодекстің 256-бабының 1-тармағына сәйкес, «Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру бойынша» сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Бетперде киген күдіктілер әлеуметтік желілер мен месенджерлер арқылы азаматтарды қарулы «жиһад» жасауға үндеген. Ел аумағында тыйым салынған «Хизб-ут- тахрир» партиясының белгілері мен қаруын қолданған. Видеоүндеуде өздері насихаттаған идеяны қолдау үшін заңға қайшы жаппай әрекеттер жасауға шақырған. Күдіктілерден табылған діни әдебиеттерге сараптама жүргізілуде. Сондықтан, олар қазір уақытша оқшаулау абақтысына қамалды.
Салтанат Әзірбек, қалалық ІІД ресми өкілі:
- Қазіргі таңда осы үш азамат қамауға алынып, іске қатысты басқа да мән-жайлар қылмыстық іс аясында толыққанды тексерілетін болады. Басқа мәліметті тергеудің құпиялылығына байланысты жария ете алмаймыз. Құрықталған бір азаматтың бірі бұрын-соңды адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ