Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы бұл емдеу мекемесін Көкшетау қаласындағы №1 аурухананың бөлімшесі етіп, қайта құрылымдамақ. Мұны естіген тұрғындар ауыл халқына көрсетілетін медициналық көмектің сапасы күрт нашарлайды деп алаңдап отыр.
Ертеден жиналған жұрт Красный Ярдағы №2 қалалық аурухананың жабылуына қарсы. Наразылығын білдіру үшін 74 жастағы Қайырбек Мұқанов та осы жерге әдейі келіпті. Емхана жабылса, еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін қиналып қалады. «Қалаға сабылып әлек боламыз», - дейді зейнеткер.
Қайырбек Мұқанов, ауыл тұрғыны:
- Қала бізден 7 шақырым жерде. 7 шақырым жерге 2 автобусбен бару керек. Қалтамыз оған шыдай ма?! Мен өзім есепте тұрмын. Себебі, 35 жыл ауырамын. Біз, мінеки, барлығымыз жиналып, өзімізге қайтадан қалдырғымыз келеді.
Красный Ярда барлығы 13 мың тұрғын бар. Олардың бәріне медициналық көмек көрсететін бір ғана мекеме осы №2 аурухана. Оның өзі енді Көкшетаудағы №1 аурухананың құрамына беріліп, бөлімше болып қалса, қаржыландыру азаяды. Сәйкесінше, қызмет көрсету сапасы төмендейді. Көпшіліктің пікірі осыған саяды.
Клара Сердалина, Красный Яр тұрғыны:
- Красный Ярдың ауруханасы қаншалықты қаржыландырылады?! Өзінікін өзіне жаратып жатқан жоқ па?! Жеткізіп жатыр. Бізді қабылдап жатыр. Жіберетін жеріне жіберіп жатыр. Неге қосады?! Демек, қалалық ауруханаға қаржыландыру керек болып тұр.
Көңілі күпті жұртпен кездесуге облыстық Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері арнайы келді. Олардың айтуынша, тұрғындар мәселені дұрыс түсінбеген. «Мекеме қайта құрылып, атауы ғана өзгереді, өзгесі сол қалпында қалады», - деп сендірді олар.
Зульфира Намазбаева, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:
- Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасы барлық мамандары келіп, сіздермен жүздесуге келісеміз. Бүгін десеңіздер бүгін, ертең десеңіздер ертең. Жылы жерде асықпай, жақсылап, жайлап түсіндірейік. Біз аурухананы жабайық деп тұрған жоқпыз. Біз сіздерге медициналық көмекті жақсылап берейік деп жатырмыз. Бөлінген қаражат ешқашан азаймайды. Көбеймесе азаймайды.
Дегенмен, көпшілік райынан қайтпады. Олар елді мекенде дербес аурухана мен емхананың болғанын қалайды. Мәселені оң шешу үшін мамандар тұрғындармен тағы кездесу өткізетін болып тарқасты.
Ермек ЕЛБЕРГЕН