Гаагада Қазақстанның ұлттық күні тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Гаагада Қазақстанның ұлттық күні тойланды

01.12.2017

Тәуелсіздіктің 26 жылдығына орай Гаагада Қазақстанның ұлттық күні тойланды. Еліміздің Нидерландтағы елшілігі ұйымдастырған шараға Корольдіктің үкімет мүшелері, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлері мен қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. «Қазақстан камератасы» мемлекеттік классикалық музыка ансамблі кештің басты қонағы болып, голландықтарға арнайы концерт берді.

Қазақстан мен Нидерланд қатынасы 25 жыл бұрын сенімді серіктестікке құрылып еді. Бүгінде мызғымас достыққа айналды. Сол достықтың дәлелі болар, Қазақстанның ұлттық күнін атап өтуге ел үкіметінің мүшелері, азулы саясаткерлері, қалталы кәсіпкерлері қалмай келді. Мәртебелі меймандар Қазақ елін бүгінгі жетістігімен құттықтап, болашаққа жоспарларын пысықтады.

Гербен Пек, кәсіпкер:

 - Біз Ақмола облысында жаңа жобаны бастап, 1500 мегаваттық күн паркін салып жатырмыз. Енді астаналықтар жарықты күн сәулесінен алатын болады. Қазақстан үкіметі бізге көп қолдау көрсетуде. Ел энергияның баламалы көздерін дамытуға басымдық беріп отыр. Сондықтан, біз дәл осындай күннен жарық өндіретін парктің біреуін Оңтүстік Қазақстан облысында ашып, Қазақ еліне инвестиция  құя береміз.

Мағжан Ілиясов, Қазақстанның Нидерландтағы елшісі:

- Біздің ел-Нидерландтың Орталық Азиядағы басты серіктесі. Ал, Нидерланд біздің экономикамыз үшін басты инвестор және негізгі сауда серіктесіміз. Екіжақты қатынас барлық салада қарқынды дамып келеді. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қос мемлекет БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүшелік етеді. Бұл - екіжақты саяси қатынастардың одан әрі нығаюына септігін тигізері сөзсіз.

Қос тарап білім, ғылым, мәдениет салаларында да ынтымақты арттыруға ынталы. Қазақтың мәдениеті бай екенін мерекелік шараға арнайы шақырылған «Қазақстан камератасы» ансамблі голландықтарға паш етті.

Құрылғанына 20 жыл болған ансамбль ұжымы қонақтарға  Құрманғазының «Балбырауынын», барокко сазгерлері стилінде көркемделген әйгілі «Beatles» әндерін құйқылжыта орындады. 

Белеарт Ван Блокланд, Нидерланд аппеляциялық сотының судьясы:

- Еуропалықтар болғаннан кейін біз «Битлзды» өте жақсы білеміз. Бұл менің жастық шағымдағы музыка. Осыны Вивальди, Бах, Хандлдармен араластырып, классикалық музыка ету идеясы сәтті шықты.  Музыканттардың кәсіби шеберлігі жоғары, тамаша ойнады.

Үнемі ізденіс үстінде жүретін ансамбль ұжымының шабытынан туған классикалық туындылар голландықтардың жанын тебірентті. Еуропада бұрын-соңды орындалмаған ерекше бағдарламаға көрермендердің разы болғандары сонша, өнерпаздарға тік тұрып қошамет көрсетті. 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу