Қостанай облысында алдағы екі жылда 8 елді мекенге көгілдір отын жеткізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында алдағы екі жылда 8 елді мекенге көгілдір отын жеткізіледі

04.12.2017

Осылайша, өңірдегі ауыл-аймақты газбен қамту ісі ілгерілеп келеді. Бүгін Қарабалық ауданына қарасты Ворошилов ауылына табиғи газ берілді. Жылдар бойы от жағып, бейнет көрген ауыл тұрғындары «бұл сәтті асыға күттік», дейді.

Зейнеткер Шәріпжамал Оразбаеваның қуанышында шек жоқ. Көгілдір отынның қосылуын ол көптен күтті. Себебі, от жағып, көмір жағу отбасы үшін қымбатқа түсті. Енді табиғи газ барлық жағынан тиімді, бағасы да арзан.

Шәріпжамал Оразбаева, ауыл тұрғыны:

- Газ болмағанда қиын болды. Баллон сатып алып жүрдік. Қазір шай қайнатамыз, ас пісіреміз.

Ворошилов ауылында 155 үй бар, соның 49-ы көгілдір отынның игілігін көруде. Қалғандары құжаттарын түзеп, үйлеріне газ кіргізудің қамында жүр. Айналасы бір жылдың ішінде Ворошилов ауылынан өзге бірнеше елді мекенге газ жеткізілді.    

Мұқан Сәдуақасов, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ бас директорының орынбасары:

- Былтыр Қостанай облысында Октябрь мен Қашарға газ тартылды. Биыл бірнеше ауылға газ келеді. Антоновка, Олчановка, және Тоғызаққа газ беріледі.

Әрбір үйге газ құбыры жер астымен келіп тұр. Оны жалғау, газ жабдықтары мен есептегіш құралдарын орнатуды қоса есептегенде 300 мың теңге қаражат керек.         

Алдағы екі жылда облыста 600 шақырым газ құбыры салынады. Осылайша, 50 мыңнан астам тұрғыны бар 8 елді мекен көгілдір отынмен қамтылады. Ал, газға қосылған халық 10 пайызға артады.

 

Данияр СҰЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу