Қазақстанға Голливуд инвестиция құяды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты. Бүгін ол Мәжіліс қабырғасында «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы баяндады. Депутаттар мәдениет саласындағы бірқатар кемшілікті жіпке тізіп берді. Мәселен, бұл сала қызметкерлері кітапханашылардың жалақысы көңіл көншітпейді. Ол былай тұрсын, кейбір кітапханалар тозығы жеткен ғимараттарда орналасса, жыл сайын мәдениет ошақтарының саны азайып бара жатыр.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бүгін Мәжіліске дайындалып, барын алып келіпті. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы анықтамалар топтамасы, ЭКСПО туралы бейнероликтер, құнды жәдігерлерді көрмеде ұсынды. Министрдің айтуынша, жылына екі мың кітап шықса, енді оны 5 мыңға жеткіземіз деп отыр. Депутаттар болса, «мәдениет саласында түйіні көп түйткіл жетеді», дейді.
Жұмысың өнімді болу үшін қарның тоқ, уайымың жоқ болуы тиіс. Мәдениет үйінің қызметкері Таңат Атаманов астың асылын ішіп, аттың арғымағын мінбесе де, қоңыраулы дүниеде қоңырқай тірлік кешіп жатқандардың бірі. Тапқан табысы «шықпа, жаным, шықпа» деп, бір айға әрең жетеді.
Депутаттар бүгін осы мәселені көтерді. Министрге сала қызметкерлерінің жалақысы төмен екендігін айтып, есептеудің жаңа әдісін енгізуді ұсынды. Сала қызметкерлерінің айлығы 40-50 мың теңгенің айналасында.
Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жалпы өнер, мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру қажет деп ойлайсыз ба?
Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Аш адам шығармашылық шығынға тез жетеді. Бетховен мен Моцарт кедейшілікте өмір сүрген. Бірақ, олар ұлы туындыларды дүниеге келтірді. Осы орайда айтарым, біздің таланттарымыз мардымсыз жалақы алып жүрсе де, халықаралық деңгейге шығып жатыр.
Қазір елімізде 67 мұражай жылытылмайды. 83 кітапхана апатты жағдайдағы ғимараттарда орналасса, онда 67 пайызы ауылда. 38 пайыздан астамы ғана компьютермен, интернетпен жабдықталған.
Гүлнар Ықсанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазір республикада 7800 мәдени ошақ бар. Ал, 1995 жылдары ол 13 мыңнан асқан. Мәдени демалыс орындарының саны 40 пайызға азайды. Республикалық бюджетте алдағы үш жылға «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты 17 млрд. теңге бөлініп отыр. Бұл бағдарламаның алға қойған мақсаттарын сапалы жүзеге асыруға аз екені белгілі.
«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы оң нәтиже беруі тиіс, ал, рухани жаңғыру үшін ең алдымен мәдениетің жоғары болуы керек.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазақстанда қазіргі таңда 2443 ауылдық округ бар. Солардың кейбірінде мәдениет үйі жоқ. Олар облыс әкіміне барады. Міне, 10-15 жыл болды, ертең салып беремін, арғы күні салып беремін деп жүр.
Ал, министрдің өз айтар уәжі бар. Оның ведомствосы тек қана республикалық нысандардың құрылысына атсалыса алады. Бірақ, «заңға өзгерістер енгізіп, бұл сұрақты назардан қалдырмауымыз керек», деп айтты. Тіпті, «арнайы бағдарлама қабылдануы мүмкін», деді. Әрине, ол болашақтың еншісінде. Мәдениет қашан да қамқорлыққа зәру.
Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша мемлекеттік органдар стратегиялық жоспарлардың индикаторларын қайта қарауы тиіс.
Бүгін депутаттардың тарапынан сан түрлі ұсыныс түсті. Бақытбек Смағұл «ұлттық валютада барша қазақстандықтар, сондай-ақ, күллi түркi дүниесi қасиет тұтар киелi жерлер бейнеленгенi абзал» деді. Жалпы, рухани жаңғырудың маңызы зор. Сондықтан да, алда жүйелі жұмыс күтіп тұр.
Индира БЕГАЙДАР