Еліміздегі бірнеше мемлекеттік қорықтардың аумағы кеңейтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі бірнеше мемлекеттік қорықтардың аумағы кеңейтілді

05.12.2017

Сондай-ақ, алдағы жылы Алматы облысында жаңа «Іле-Балқаш» табиғи резерваты құрылады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының семинарында айтылды. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы мен Ғаламдық экологиялық қор және Қазақстан Үкіметінің арнайы жобасы септігін тигізген.

Атап айтсақ, осы жоба аясында мемлекеттік қорықтарды кеңейтудің құжатнамасы әзірленіп, кешенді зерттеулер жүргізілген. Шөл және шөлейтті аймақтарды сақтап қалу жобасы бес жылға арналған. Бағдарлама келесі жылы қорытындыланады. Оны  қаржыландыруға Қазақстан Үкіметі 9 миллион АҚШ долларын, ал, ғаламдық экологиялық қор 4 миллион доллар бөлген. Бағдарлама аясында Арал маңында орналасқан Барсакелмес қорығының да аумағы кеңейтілмек.

 Мұхтар Оразбаев, Арал ауданының әкімі:

- Барсакелмес мемлекеттік қорығының жер көлемін ұлғайтуға аудан әкімінің қаулысы шықты. Яғни, Сырдарияның құяр сағасында 2600 га жер телімі беріліп, осы Барсакелмес мемлекеттік қорығының еншісінде болады. Ол жерде құстардың қайтуы, келуі және қонуына толық мүмкіндіктер жасалған. Онымен қоса, балықтың құяр сағасындағы қорына қорғау шаралары жасалады.

Хабарламаларға жазылу