Қарағандылық тіл жанашырлары сауатсыз жарнамалар мен бұрыс жазылған маңдайшалардан арыла алмай әлек. Жыл басынан бері қала көшелерінен 100-ден аса қате табылып, меншік иелеріне ескертілді. Алайда, нәтиже көңілге қонымсыз.
Қарағанды қаласы жарымжан жарнамалар мен сауатсыз маңдайшалардан арылмай тұр. Мамандар анықтаған қателіктердің саны 100-ден асып-жығылады. Анықталмағаны қаншама. Міне, сондай қателердің бірі жарнамада көзге қораш көрініп тұр.
Арнайы жүргізілген рейдтің нәтижесінде бұған дейін анықталған қателерді кейбір кәсіпкерлер түзеуге тырысқан. Ал, бірқатары мүлде құлақ аспаған. Бұл жолы жеке кәсіпкерлермен тек тіл мамандары ғана емес, қоғамдық кеңес мүшелері де кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Бейбіт Жұмабеков, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі:
- Қандай да бір мекеме жарнаманы іліп, екі тілде ақпаратты беруі керек. Кейбір барған жерлерімізде екі тілде жазылмағандар болды. Мәселен, тек бір тілде көрсетілген, тіпті кейбірінде мүлдем жоқ.
Тіл туралы заңның 21-бабына сәйкес, мандайшалар, жарнамалар мен басқа да көрнекі ақпараттың жазылу тәртібі бар. Алдымен қазақша кейін орысша жазылып, әріптері бірдей өлшемде таңбалануы тиіс. Алайда, көптеген дүкендерде, сауда орталықтары мен сән салондарында бұл заңдылық сақталмаған.
Айнұр Топаева, Қарағанды қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:
- Көптеген кедергілерге кездесіп жатамыз. Бұл заң кімге керек деп, бізге қоқан-лоқы көрсететіндер де бар. Мұның барлығы халықтың заңды білмеудегі сауатсыздығынан деп білемін.
Мамандар ескерту жасағанымен қандай да бір шара қолдануға құзырлары жоқ. Кәсіпкерлердің дені осыны пайдаланып немқұрайлылық танытады екен. Қоғамдық кеңестің мүшелері, тіл мамандары және еріктілер бірнеше орталықтарға кіріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Араға 2 апта салып қайта тексеріп, жұмыстың нәтижесін бақылайды.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ