Мемлекеттің қыруар қаржысын қалтаға басып, әлі де сыртта бой тасалап жүрген экс-әкімдер мен экс-министрлер баршылық. Олар жауапкершіліктен қашып құтылмайды. Бұл туралы бүгін Астанада басталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық конференцияда айтылды. Шара Біріккен Ұлттар ұйымының сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына қол қойған күнге орайластырылып отыр. Қазақстан бұл құжатты 10 жыл бұрын қабылдаған болатын.
Қазақстанда тек соңғы 16 жылда сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар 10 мың адам сотталған. Олардың ішінде екі экс-премьер-министр, 17 бұрынғы министр мен олардың орынбасарлары және 15 облыстың экс-әкімдері бар. Қазір де шетел асып, қашып жүрген 50-ден астам қылмыскер бар. Олардың ұрлаған қаржысы 8 миллиард АҚШ долларынан асады. Жалпы, елден заңды және заңсыз шығарылған қаржыны қайтарып, экономикамызға жұмыс істету - маңызды міндет. Қаржысын шетелде сақтайтын квазимемлекеттік компаниялардың мәселесін реттеуді күні кеше Президент те тапсырды.
Қайрат Қожамжаров, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:
- Президент жүктеген тапсырма - экономикалық мәселе. Бұл жұмыспен Үкімет те, ұлттық компаниялар да айналысатын болады. Бұл ешқандайда қылмыстық қаржылар емес. Бірақ, мемлекеттің қаржысы. Ол ел экономикасына жұмыс істеуі керек. Аталған жұмысқа біз де атсалысамыз.
Қазір Қазақстан 40-тан астам елмен қылмыскерлер мен олардың мал-мүлкін қайтару туралы келісімге қол жеткізген. Бұл жұмысты ары қарай ілгерілету үшін осындай халықаралық шаралар ұйымдастырылады.
Салауат Муксинов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент директоры:
- 35-тен астам халықаралық ұйымдар, дипломатиялық өкілдер қатысып отыр. Конференцияның практикалық маңыздылығы - бұл сол конференцияның соңындағы ұсыныстар. Ұсыныстар осы жолы 3 бағытта болатын болады.
Ұсыныстар БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес конвенциясына мүше елдерге жолданады. Онда тергеу кезінде өзара көмек көрсету, қылмыскерлер мен олардың активтерін қайтару жұмысын жетілдіру жайы қамтылған.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ