Жақсылық Үшкемпіров -  қазақтың маңдайына біткен палуан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жақсылық Үшкемпіров -  қазақтың маңдайына біткен палуан

11.12.2017

Қазір қазақ күресі қарқынды дамып келеді. Себебі, осы спорт түрімен жас ұрпақ жүйелі түрде айналысып жатыр. Сондықтан, көңілге демеу, жанға жебеу болар бүгінгі буынның бары қуантады. Грек-рим күресінен Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров осыны айтты. Спорт саңлағының сөзінше, әлі әлемді талай дүр сілкіндіріп, мықтылығын мойындататын балуандар шығады.

20 ғасырдың 80 жылы өткен Олимпиада. Бұл бозкілемде белдескеннің белін майыстырып, ешкімді шыдатпаған шымыр Жақсылық Үшкемпіровтің таспаға басылған сәті. Бары осы. Кеңестік кезеңнің сұрқия саясаты ма, кім білсін, осы ақ-қара түсті азғантай кадрдың сақталып, архивте қатталғанына да шүкір, дейді спорт саңлағы. Жастайынан спортпен айналысқан ол сол тұста жеңіске жету үшін намысты қолдан бермеді. Сөйтіп, қолтоқпақтай қазақ балуаны ұлты мен есім-сойын әлемге әйгіледі.

Жақсылық Үшкемпіров, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы:

- Финалда болгариялықпен кездестім. Оны 7/1 есебімен оңай ұттым. Халық біледі. Одан кейінгі қуанышта шек жоқ. Бүкіл қазақ жастарының арасынан тұңғыш Олимпиада чемпионы болу деген ол шынында да мына қазір Тұңғыш Президентіміз бар ғой, үлкен адамға деген сенім білдіреді екен. Сондай бір жауапкершілік. шіркін-ай біздің қазақ халқы бар екен ғой деген сенімде болады екенсің. Міне, сол сенім менен әлі күнге дейін кеткен жоқ.

Қазір Үшкемпіров десеңіз кез келген қазақ: «Ол біздің мақтанышымыз. Олимпиада чемпионы!» деп айтады. Расында, грек-рим күресінен Олимп шыңына шыққан жалғыз қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы. Алайда, оның талай «тар жол, тайғақ кешкен» кезі мен бүгінгі өмірі туралы ешкім біле бермейді. Себебі, даңқты спортшының қарапайымдылығы сондай, даңқты екенмін, деп еш дандайсымайды. Сондықтан, балуан атадан берілген қасиет адамшылығын әркез жоғалтпайды. 

Жақсылық Үшкемпіров, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы:

- Жастардың көбі ойлайды. Бай болсам, бәрі болса екен дейді. Астында аты, үстінде шапаны дегендей. Соның бәрі бола берсе екен дейді. Жоқ, Алла Тағала бәрін бере бермейді. Жас кезде сенімін ақтай отырып, үлкен шыңға шығу керек. Әрі қарай халық өзі көтереді бәрін. Байлық та келеді, бап та келеді. Бүкіл абыройда келеді. Біз халықтың ішіндеміз. Халық өзі мәпелейді. Өзі көтереді, өзі бағалайды.

Жақсылық Үшкемпіров бүгінде отбасының ортасында бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Ол ұлдарынан тараған немерелеріне ұлт, намыс туралы жиі айтады. Бұл оның ұрпағы осы қасиеттерді санасына сіңіріп өссін деген немкеттіліктен адал ниеті. Себебі, татамиде тұрып, «не осы жерде өлем, не жеңем» деп серт беріп, уәдесінен тайқымаған балуан намысты қолдан бермеудің қандай екендігін анық біледі.

 

Алмат ӘБДРАМАН

Хабарламаларға жазылу