Олардың кейбірі балаға өте қауіпті. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты. Министрдің сөзінше, мұндай тауарлардың көбі Қытай мен Түркиядан әкелінеді. Бүлдіршіндердің денсаулығына зиян тигізбей, олардың алаңсыз ойнауы үшін бұл мәселені қалай шешуге болады?
Кәмшат Қалданова Жаңа жылдық мерекеге алдын ала дайындалып жүр. Бүгін балабақшаға баратын балаларына шыршаның астына қоятын ойыншық іздеп келіпті. Ол да сапасыз ойыншықпен бірге сәбилеріне ауру сатып аламын ба деп алаңдайды. Ал, базарлардағы сапалы ойыншықтың бағасы болса, сын көтермейді.
Кәмшат Қалданова, қала тұрғыны:
- Мультфильмдерді көріп, сондағы кейіпкерлерді алғысы келеді. Сапалылары 15-20 мың төңірегінде болады. Біз Қытайдікі болса да, қалтамыз көтергенін аламыз.
Мамандардың сөзінше, Қытайдан келген ойыншықтардың көбі елімізге Ресей арқылы жетеді. Ресей Кеден одағы талаптарына сай стандарттарды ұстанса, Қытай бұл ұйымға кірмегендіктен, ережені сақтай бермейді. Сондықтан да, елімізде контробандалық сауда қызып тұр. Ал, ресми мәліметтерге сүйенсек, ойыншық шығаратын отандық өнімдер Қазақстан нарығының тек 2 пайызын ғана алып жатыр.
Нұртас Сәриев, кәсіпкер:
- Қазақстандық ойыншықтардың көпшілік бөлігінің бағасы қымбат. Сондықтан, біз Ресей, Қытай, Беларусь мемлекеттерінің ойыншықтарын әкеліп, осы елде сатып жатырмыз. Сондай-ақ, қазақстандық ойыншықтардың ассортименті аз.
Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев та осы мәселе жөнінде өз ойын айтты. Үкімет басшысы тұтынушыларды қорғау ұйымдарына халықты қауіпті тауарлар мен өндірушілер жөнінде құлағдар етіп отыруға шақырды.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:
- Жаңа жыл жақындап қалды. Балаларға, немерелерімізге сыйлық сатып ала бастаймыз. Ал, ойыншықтардың қайсысын сатып алуға болады, қайсысын болмайды? Оны қалай білеміз? Ол туралы ақпарат еш жерде жоқ. 70 миллион теңгеге айыппұл салдыңыз, бірақ, саудагерлер миллиардтаған соммаға сол тауарды қайта әкеледі. Айналып келгенде еш нәтиже жоқ. Меніңше, халықты ақпараттандыру керек. Тіпті, сауда орталықтарына «Құрметті сатып алушылар, ойыншық дүкеніне кіретін болсаңыздар мынандай ойыншықтар қауіпті» деп жазып қою керек. Ал, қауіпті болса, оларды сөрелерден мүлдем алып тастау қажет.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың сөзінше, бақылау жұмыстарының нәтижесінде осы бағытта сауда жасап жүрген 50 шақты кәсіпкер талапқа сай келмейтін 52 мың түрлі тауар әкелгені анықталған. Олардың көпшілігі балалар ойыншығы, азық-түлік сынды жеңіл өнеркәсіп түрлері. Бүгінде олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, заңсыз ойыншық тасығандарға 21 миллион теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Алайда, тек айыппұлмен мәселені шешу мүмкін болмай тұр. Балаларымыздың болашағына алаңдасақ, зиянды тауар сатқан кәсіпкерлерге жазаны қатайтқан жөн болар.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ