Тірек ауылдарды дамыту жұмыстары қарқынды жүруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тірек ауылдарды дамыту жұмыстары қарқынды жүруде

10.03.2014
Тірек ауылдарды дамыту жұмыстары қарқынды жүруде

Қызылорда облысы бойынша тірек ауыл саналатын 12 елді мекенді дамыту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Солардың бірі ретінде тоғыз жолдың торабындағы Сексеуіл кентінің де бет-бейнесі замана талабына сай өзгертілмекші.

 
Осы уақытқа дейін теміржол тораптық станциясы болған елді мекенде көптеген құрылыс нысандары салына бастады. Қордаланған әлеуметтік мәселелер де қазірдің өзінде шешімін тауып жатыр. 
 
Сексеуіл - Арал ауданындағы ең ірі елді мекен. 12 мыңға жуық халқы бар. Дені теміржол саласында еңбек етеді. Теміржол тораптық станциясы ретінде қалыптасқан Сексеуілге осы уақытқа дейін бюджет қаражаты есебінен ешқандай  әлеуметтік нысан салынбаған. Тірек ауыл қатарына енгелі ғана елді мекенге жан бітті.
 
Жоламан Жолдасов, Сексеуіл кентінің тұрғыны:
Біздің ауылымызда жол, су, газ мәселесі қиын еді. Міне, жол мәселесі шешілді. Газ да келер жылы берілмек. Осындай жақсы істер атқарылып жатыр.
 
Жоламан ақсақалдың сөзінің жаны бар. Атқарылған жұмыстар көзге көрініп тұр.   Ендігі кезек - ауызсуда. Арал-Сарбұлақ топтық су құбыры арқылы кентке су жеткізілгенімен, құбырлар тозған. Соның салдарынан кент ішіне тұщы су жеткізу қиындау болып тұр.
 
Мейрам Тұрымбетов, Сексеуіл кентінің әкімі:
Биылғы жылы 45 миллион ақша бөлінді, жобалық-сметалық құжаттарын күтіп отырмыз. Сол салынатын болса, инновациялық жобаларға сәйкес Сексеуілдің ішкі су жүйесі аяқталады деген жоспар бар.
 
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Сексеуіл кентінде қазір құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Теміржолшыларға арналған арнайы қалашықтың жобасы жасалып, тұрғын үйлер бой көтеруде.
 
«Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» теміржолы іске қосылса, аймақ экономикасы одан әрі өрлейді.   Ал экономика артса, халықтың әлеуметтік әл-ауқаты жақсарары анық.
 
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу