Астанада жергілікті полиция басшысы халық алдында есеп берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада жергілікті полиция басшысы халық алдында есеп берді

13.12.2017

Жыл басынан бері Астана көшелерінде 183 мың әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. 2000-ға жуық көлік жүргізуші мас күйінде ұсталған. Жергілікті полиция қызметі бүгін халық алдында есеп беріп, биылғы жұмысын қорытындылады. Қуантарлығы қаладағы ұсақ қылмыстар азайған. Дегенмен, маскүнемдік пен түнгі уақытта ішімдік сату және қоғамдық орындарды ластау секілді мәселелер әлі де өзекті. Қылмыстармен күресті күшейту үшін жергілікті полиция тұрғындарды белсенді болуға шақыруда.

Салтанат Кемелова учаскелік полицейдің қоғамдық көмекшісі. Ол өзі туратын аудандағы тәртіпсіздіктердің алдын алуға атсалысып, полиция бөлімшесіне ақпарат беріп тұрады. Қала бойынша қазір Салтанат секілді учаскелік полицейлердің 850 қоғамдық көмекішісі бар. Оларға әр тоқсан сайын сыйақы да беріледі. Мысалы, биыл бұл мақсатқа 13 миллион теңге жұмсалған.

Салтанат Кемелова, қала тұрғыны:

- Мен 12-ші бекініс пунктте учаскелік полицейлердің көмекшісімін. 1,5 жылдан бері жұмыс істеймін. Біздің жұмысымыз тәртіп бұзушылықтарды көрсек, хабарлап айтып отырамыз және оның алдын алуға тырысамыз. Бізге сыйақы берілді. Өткен жылы берілген. Осы жылы да берілді және ЭКСПО кезінде де біраз жұмыстарды атқардық.

Қаладағы өзекті мәселелердің бірі үйсіз-күйсіз жүретін маскүнемдер көбейіп кеткендігі. Олардың көбі көрші облыстардан келгендер. Қыс кезінде олар жер төлелер мен жылыту құбырларын, подъездерді паналайды. Полицейлер биыл ЭКСПО кезінде осындай 200-ден астам адамды көрші облыстардағы емдеу сауықтыру орындарына жіберген. 

Азамат Садықов, Сарыарқа аудандық ІІБ Жергілікті полиция қызметінің басшысы:

- Көрші облыстарда болғанда Ақмола облысының Зеренді ауданында орналасқан Нашақорлық пен маскүнемдіктен емдеу орталығына және өзіміздің Астана қаламыздың орналасқан емдеу орталығына 200-ден астам осындай тұлғалар жеткізілді.

Жергілікті полиция қызметінің есеп беру жиынында тұрғындар арыз-шағымдарын айтып, ұсыныстарын білдірді. Құқық қорғаушылар астаналықтардан қылмысқа төзбеушілік қағидасын қатаң ұстанып, барынша белсенді болуын сұрады.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу