Елімізде қысқы маусымға қажетті дизель отыны өндіріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде қысқы маусымға қажетті дизель отыны өндіріледі

13.12.2017

Қазақстанда баламасы жоқ зауыт Павлодар облысының Екібастұз қаласына қарасты Шідерті кентінде бой көтерді. Бүгін кәсіпорындағы техникалық монтаждау жұмыстары толық аяқталып, шикізат өңдеу технологиясы сараптамадан өтті.

Сырт көзге шағын ғана зауыт. Себебі, заманауи инновациялық технология бойынша салынған. Құрылысқа мұнай-химия саласындағы озық тәжірибеден өткен әлемдік деңгейдегі мамандар шақыртылды. Жобаның құны 1 млрд. 700 млн. теңге.  

Ержігіт Мұратов, өндіріс басшысы:

- Бұл жерде химиялық өндеу арқылы қысқы дизельдік отын шығарылады. Шикізатты Павлодар мұнай зауытынан алып, жылына 30 мың тоннаға дейін дизельдік отын шығарылатын болады.

Кәсіпорындағы реакторлар жазғы дизель отыны құрамындағы парафинді тазартып, 50 градус аязға қатпайтын деңгейге жеткізеді. Яғни, химиялық байыту арқылы Еуро-5 стандартты өнім алынады. Зауыт жыл бойы тоқтаусыз жұмыс істейді.

Болат Бақауов, облыс әкімі:

- Мысалы, көмірді жазда дайындайды. Сондықтан, осы жанармайды да жаздан дайындау керек. Аяз бізде қазан айында түсуі мүмкін. Қыс қазаннан қысып жіберсе, гидравлика тұрып қалады, көліктердің бәрі тұрып қалады. Бұл зауыт негізі Павлодар облысына ғана керек емес, бүкіл Қазақстанға қажет.

Әзірге мұнда қажетті қысқы дизельдік отынның 4-тен бір бөлігі өнідіріледі. Ал, келер жылы кәсіпорынның ауқымы бұдан да кеңейе түспек.

Сергей Шевельев, зауыттың бас инженері:

- Катализаторларды модернизациялау арқылы өнімділікті ұлғайтамыз. Бұл жұмыстар қысқа мерзімде атқарылады. Қаржылық тұрғыдан аса қымбат емес. Есесіне қазіргі 30 мың тоннаны 50 мың тоннаға дейін көтереміз.

Қысқы дизельдің алғашқы партиясы келесі жылдың 15-қаңтарында нарыққа шығарылады. Зауыт өнімі негізінен еліміздегі тау-кен байыту кәсіпорындарының сұранысын өтемек. 

 

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу