Жақсылық Үшкемпіров Мыңбаев ауылын көркейтуге күш жұмсап келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жақсылық Үшкемпіров Мыңбаев ауылын көркейтуге күш жұмсап келеді

14.12.2017

Бүгінде арамызда ортақ іске жұмылып, қалың елдің тұрмысын түзеуге елеулі үлес қосып жүрген азаматтар аз емес. Сондай мығым тірлікке ден қойғандардың қатарында Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров те бар. Ардагер спортшы қазір Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы 6 мың тұрғыны бар Мыңбаев ауылының ажарын ашып, әлеуметтің әлеуетін көтеріп жүр. Палуанның ілкімді ісіне ауылдықтар да әрдайым алғысын айтып, береке тілейді.

Алпыстың алтауына келген ардагер спортшы ауылды көркейтуге күш жұмсап, ерінбей еңбек етіп жүр. Жастарға үлгі болсын деген ниет. Ата кәсіпке ден қойған даңқты палуан төрт түлікті өсіріп, жұртқа жұмыс тауып берді. Қазақтың ақ бас сиыры мен отар-отар қойды бағып отыр. Ал, текті жылқыдан жер қайыспаса да, бір серіктестікке жетерлік.

Жақсылық Үшкемпіров, грек-рим күресінен Мәскеу Олимпиадасының чемпионы:

- Мұның бәрі байып кету үшін емес. Өзімізбен-өзіміз тоқ болып, жастарды ауылға қарай тартып, туған жерімізді көтеру.

Бұқаларды бордақылап, етін алыс-жақын аймақ, көрші елдерге экспорттайды. Ісі алға басып, малдың саны өскен бойда ауыл адамдарына көмек көрсетуге кірісті. Көгілдір отынның құбырын тартып, елге газ жеткізді. Мың орындық балабақша салып, спорт кешенін тұрғызды. Жас отбасыларға қараусыз, қаңырап қалған ғимаратты жөндеп, баспана етіп берді.

Жақсылық Үшкемпіров, грек-рим күресінен Мәскеу Олимпиадасының чемпионы:

- Басқа мемлекеттен кем қалмайық деп шырылдап жүрген Елбасы да, біз де азамат болып көмектесуіміз керек. Бізді ешкім басқа жақтан келіп жарылқамайды. Өзімізді-өзіміз көтеруіміз керек. Міне, менің жастарға айтарым сол.

Мұндайда ауылдастарының да атпал азаматқа айтар алғысы шексіз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», дегендері болар. Сондықтан, тұрмысын тіктеп отырған Мыңбаев елді мекенінің берекесі мол.

 

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу