Атырау өңірі Ресей Федерациясының Астрахань облысымен шекаралас. Қолайлы географиялық жағдай, оған қоса Кедендік одақтың құрылуы көршілес аймақтардың экономикасын еркін дамытуға үлкен септігін тигізіп отыр.
Екі жақ арасындағы барыс-келіс жиілеп, сауда-саттық көлемі өсті, кәсіпкерлік субъектілері көбейді. Жылдық тауар айналымы бірнеше миллиард теңгені құрап отыр.
Атырау облысы Құрманғазы ауданында орналасқан «Каспий балық» өндірістік кооперативі өңірде балық аулап, оны өңдейтін ірі кәсіпорынның бірі. Өнімнің 70 пайызын экспортқа шығарады.
Басым бөлігі шекаралас жатқан Ресей елінің Астрахань облысына жіберіледі. Кедендік Одақ пайда болғалы бұл жақтан сұраныс еселене түскен. Сәйкесінше, зауыттың пайдасы артты.
Көрші елдің кәсіпкерлері болса, Қазақстаннан келген тауарлардың сапасы өте жоғары дейді. Бізден шығатын өнімдерге жиі тапсырыс беретін ресейліктердің бірі - Құрмет Мұсағұтова.
Құрмет Мұсағұтова, кәсіпкер:
Өткен жылы 15 миллион теңгенің тауары сатып алынды. Ағымдағы жылы сұраныстың көп болуына орай, балық өніміне тапсырысты үш есеге өсірдік. Ең бастысы, алдағы уақытта қазақстандық кәсіпорын біздің сұранысты қанағаттандыра алса болғаны.
Екі ел арасындағы сауда-саттық көлемін арттыруға ресейлік кәсіпорындар да атсалысып келеді. Астрахань облысындағы мына май және ерітілген ірімшік шығаратын зауыттың өнімдері Атырауда үлкен сұранысқа ие. Мұнда сүт өнімдерінің оннан аса түрі шығарылады. Айына 200 тонна өнім дайындалады. Оның жиырма пайызын көршілес атыраулық кәсіпкерлер көтерме бағамен алып кетеді.
Татьяна Букарина, кәсіпорын директорының орынбасары:
Алдағы уақытта Атырауда өзіміздің сауда нүктелерімізді ашқымыз келеді. Ол жақта өнімді тікелей өзіміз саудаға шығаратын болсақ, тауардың бағасы арзандайтыны сөзсіз.
Қазақстан мен Ресей арасында тауар айналымы жылдан жылға артумен қатар бірлескен кәсіпорындар да көптеп ашыла бастады. Астрахань облысының өзінде ғана Қазақстандық инвестиция арқылы іске қосылған 20 мекеме бар. Бұл бағыттағы жұмыстар алда да жалғаса бермекші.
Денис Афанасьев, Астрахань облысының халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстар министрі:
Біз екі аптадан соң, ресейлік кәсіпкерлерден құралған делегациямен Қазақстанның Батыс өңірлеріне баруды жоспарлап отырмыз. Басты мақсатымыз - екі елдің экономикалық ынтымақтастықтығын одан әрі нығайта түсу. Яғни, жаңа әріптестер тауып, екі елге тиімді, әрі қажетті жаңа өндіріс орындарын ашу.
Батырбек Қуандықұлы, тілші:
Бұл өз кезегінде Ресей мен Қазақстан экономикасының қуаттануына, тараптар арасындағы сауда көлемінің ұлғаюына, бәсекелестікке төтеп бере алатын, жоғары сапалы өнім өндірушілердің қатарын көбейтуге негіз болмақшы.
Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ