7 жасар Мұса Түркімбаев әлемдік рекорд орнатпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

7 жасар Мұса Түркімбаев әлемдік рекорд орнатпақ

19.12.2017

7 жасар Ақтөбе тұрғыны Мұса Түркімбаев стрит воркаут спортынан әлемдік рекорд орнатпақ. Ол 55 рет турникке тартылып, 1600 рет кеудені жерден көтере алады. Мұсаның ендігі мақсаты - үздіксіз жаттығып, осы рекордтық көрсеткішін дүние жүзіне паш ету.

Мұса спортпен 3 жасынан бастап шұғылданады. Үнемі турникке тартылып, түрлі  жаттығулар жасайды. Сабақтан тыс уақытын спортқа арнайды. Телефон, теледидар қарауға бір сағат қана жұмсайды. Оның өзінде стрит воркаутпен айналысатын үздік спортшылардың бейнероликтерін қарайды .

Мұса Түркімбаев:

- Мен сабақтан келген соң, ұйықтап демаламын, бір сағат мультфильм қараймын. Сабағымды орындап болғаннан кейін, телефоннан стрит воркаутқа қатысатын спортшылардың видеосын қарап, жаттығу жасаймын. 

Бұғанасы қатпаған балаға спорттың бұл түрімен кәсіби түрде айналысуға әлі ерте. Сондықтан, Мұсаны әкесі арнайы жаттығу залына апарып жүр.

Cтрит воркаутпен айналысатын балалар арасындағы әлемдік рекорд Украинада орнатылыпты. Ал, Мұса оны келесі жылы Ақтөбеде өтетін жарыста өзгертуді көздейді.

Райгүл Еншібай, тілші:

- Мұса жаттығу залында трюктардың бірнеше түрін жасай алады. Оларды бейнероликтерден көріп, қайталап, өз бетінше үйренеді. Тіпті, кейбір ересектер жасай алмайтын жаттығулардың өзін әп-сәтте қағып алады екен. Батыл баланың ендігі арманы - әлемдік рекордты жаңартып, дүние жүзін мойындату.

Райгүл ЕНШІБАЙ

Хабарламаларға жазылу