Халық Құман Тастанбековпен қоштасты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халық Құман Тастанбековпен қоштасты

20.12.2017

Бүгін халық Қазақстанның Халық әртісі Құман Тастанбековты ақтық сапарға шығарып салды. Қаралы жиын «Парасат» жән «Құрмет» ордендерінің иегері Құман Нұрмағанұлы өмір бойы қызмет еткен қазақ өнерінің қарашаңырағында өтті. Қазақтың Төлегені атанған атпал азаматты құрметтейтін көпшілік оны қайтпас сапарға қимастықпен аттандырды.   

Құман Тастанбеков 73-ке қараған шағында бақилық болды. Бірақ, оның артында ұрпаққа өнеге боларлық мол мұра қалды. Елбасының Құман Нұрмағанұлының туыстары мен әріптестеріне көңіл айтып жолдаған жеделхатын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы оқып берді.

Асанәлі Әшімов, Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері:

- Жақсы адамның өмірі өкінішпен өтеді. Құманның кіршіксіз таза жігіт екенін елдің бәрі біледі. Әсіресе, қасында жүрген мен білемін. Жақсы адамнан ғана жақсы актер шығады.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өмірінің соңына дейін қызмет еткен тұлғаның сахнадағы образдары жастарға үлгі. Өнерге жоғары талғаммен қарайтын Құман Тастанбековтың өмірдегі қарапайымдылығы мен азаматтығын бірге қызмет еткен достары сағынышпен еске алды.

Сәбит Оразбаев, Халық әртісі:

- Құман өнердің шыңында тұрып дүниеден өтті. Аз сөйлеп, көп шаруаны бітіретін азамат еді. Адам еді, бауырмал еді. Барлық қазақты жақсы көретін асыл азамат еді..

«Қыз Жібек» фильмі - қазақтың өнері мен тұрмысын әлемге танытқан туынды. Ал, Ұлы даланың намысты ұлы болып аңызға айналған басты кейіпкер Төлегеннің бейнесі Құман Тастанбековтың сомдауында қайта тірілді. Осылайша, бүтін бір дәуірдің ұрпағын тарихпен қауыштырғын «Қыз Жібек» ұлттық кино өнерінің жауһарына айналды.  

Мақсат Ысқақов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары:

- О заманның Төлегенін бұл заманда ешкім көрген жоқ. Бірақ, Құман ағамыз арқылы нағыз қазақтың жігіті қандай болғанын, енді қандай болатынын білдік. О заманның Жібегін бұл заманда ешкім көрген жоқ. Бірақ, біздің Меруерт апайымыз арқылы қазақтың қызының қандай болғанын, қандай болатынын білдік. 

Жалпы, әртістің өмірі жол үстінде өтеді. Құман Тастанбеков зейнет жасынан асса да, сахнада өнер көрсетіп, сапарға шығып жүрді. Өзі сомдап қайта тірілткен Төлеген басқан топырақта демі үзілді. Ал, оның денесі Алатаудың етегіндегі Кеңсай зиратына жерленді. Кино әлемінің дүлдүлі атанған Құман Нұрмағанұлының жарқын бейнесі Төлеген кейпінде халық жадында мәңгі сақталады.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу