Себебі, қалаға ашық жатқан Кеңгір қоймасының суы сүзіліп беріледі. Өңірді дамытудың кешенді жоспары аясында мысты шаһардың іргесіндегі бұрынғы жерасты су көздерінен тартылған құбырды жаңарту басталған еді. Алайда, қаражат тапшылығынан жұмыс аяқталмай тұр. Әбден тозығы жеткен құбырлар қатты қысымға шыдамайды. Сондықтан, бұлақтан шыққан тіршілік нәрін Кеңгір суына аз көлемде ғана қосуға мүмкіндік бар.
Жезқазған қаласының халқы жылына 30 миллион текше метр ауызсу тұтынады. «Алайда, сол судың сапасы сын көтермейді», - дейді тұрғындар. Себебі, тіршілік нәрінің дені жылдағы қар суынан жиналатын Кеңгір қоймасынан беріледі.
Қала тұрғыны Қамажай Балмағанбетованың отбасы краннан аққан суды мүлдем ішпейді. Түсі сарғыш, дәмі темір татитындықтан, тек шаруашылыққа ғана пайдаланады. Ал, ауызсуды дүкеннен сатып алуға мәжбүр.
Қамажай Балмағанбетова, қала тұрғыны:
- Кранның суын мүлде ішпейміз. Негізінен сатып аламыз. Мынаған қарағанда таза ғой. Мұны кез келген адам айтып береді. Судың мәселесі Жезқазғанда бұрыннан бар.
Осыдан үш жыл бұрын өңірді дамытудың кешенді жоспары аясында қала сыртындағы Үйтас, Айдос жерасты су көздерінен тартылған ескі құбырды жаңалау басталған еді. Сөйтіп, бұлақ суын Кеңгір қоймасына қосу арқылы тіршілік нәрінің сапасын жақсарту көзделді. Алайда, қаражаттың тапшылығынан құбырдың тек 17 шақырымы ауыстырылды. Қалған 43 шақырымы қашан ауыстырылатыны белгісіз.
Қазір қалаға ауызсудың 60 пайызы Кеңгір қоймасынан келеді. Кәсіпорын маңында орналасқан тоған суы гидроцехта тазартылады. Алайда, сонау 1960 жылдары салынған бұл мекеменің құрылғылары әбден ескіріп, тозығы жеткен техника әрең жұмыс істеп тұр. Бұған дейін кешенді жоспардың 3 жылдығына енгізілген жаңғырту жұмыстары тағы сол қаражаттың жоқтығынан жүргізілмей қалған.
Батырлан Ахметов, Жезқазған қаласының әкімі:
- Жоба бойынша келесі жылға ақшасын қарастырып жатырмыз. Ары қарай мембрандық технологиямен судың сапасын жақсартпақпыз. Өтінімі министрлікке жіберілді. Сол жұмыстарды біз ары қарай жалғастырамыз.
Бұл түйінді түйткілді жезқазғандықтар айта-айта әбден жалыққан. 91 мыңнан астам тұрғынның мейірі қанып, таза су ішетін күні алыс па, жақын ба, әзірге нақты жауап болмай тұр.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ