Әлеуметтік желіде көлік және мүлік салығын жыл соңына дейін төлеу туралы жалған ақпарат тарауда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлеуметтік желіде көлік және мүлік салығын жыл соңына дейін төлеу туралы жалған ақпарат тарауда

20.12.2017

31-желтоқсанға дейін көлік және мүлік салығын төлеңіз. Әйтпесе, үстінен айыппұлын қосып төлейсіз. Дәл осындай ақпарат Whatsapp желісінде тарап кетті. Жазбада Мемлекеттік кірістер комитетінің порталына сілтеме де көрсетілген. Ал, құзырлы орган ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтуда.

Бауыржан Бөрлібаев осыдан 4 жыл бұрын көлігін сатқан. Сенімхат арқылы алып кеткен темір тұлпардың жаңа иесі бір рет те салығын төлемепті. Whatsapp арқылы келген хабарламада қарыздың көлемін көрсететін сілтеме бар. Тексеріп көрсе, берешегі 100 мың теңгеден асып кеткен.

Бауыржан Бөрлібаев, қала тұрғыны:

- Салыққа 117 мың қарыз екенмін. Оны жыл соңына дейін төлемесем, айыппұлы қосылып, 140 мыңға таяп қалайын деп тұр. Ақшам жаңа жылдан кейін түседі. Оған дейін біреуден қарызға ала тұрамын ба деп жүрмін.

Жылдар бойы төленбеген салықтың өсетіні анық. Дегенмен, оған айыппұл қосылмайды. Салық кодексіне биыл енгізілген өзгерістерді ескерсек, 2017 жылдың төлемін 1 қаңтарға дейін өтеу міндеттелмеген.

Олжас Отар, Мемлекеттік кірістер комитетінің бас сарапшысы:

- Көлік құралдарының салығы 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап қана беріледі. Егер оны 31-желтоқсанға дейін төлемеген жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынады деген жалған ақпарат.

Салық органдары кез келген жағдай бойынша тұрғындарды тек арнайы хабарлама арқылы ақпараттандырады. Мұндай жағдайда әлеуметтік желілер қолданылмайды.

Бұл ақпараттың шындыққа қаншалықты жанасатындығын 1414 нөміріне қоңырау шалу арқылы да тексеруге болады. Хабарламалар жазбаша ғана емес, бейнесюжет ретінде де келеді. Әлеуметтік желілерде де күн сайын түрлі тақырыпта тарап жатқан ақпараттарға сеніп, әуреге салынбай алдымен тексеріп алғаныңыз абзал. 

 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу