Алматыда егіз балаларын өлтірген ерлі-зайыптылар сотталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда егіз балаларын өлтірген ерлі-зайыптылар сотталды

22.12.2017

Алматыда егіз баласын өлтіріп, мәйіттерін тоңазытқышқа тығып қойған қатыгез әйел мен оның азаматтық некедегі күйеуіне қатысты сот үкімі шықты. Қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы істі жан-жақты қарап, айыпты Алла Волченконы 18, ал, Эмиль Гильмутдиновті 20 жылға бас бостандығынан айырды.

Естеріңізге сала кетейік, 11 қыркүйек күні жантүршігерлік оқиға Түрксіб ауданында болған. 

Егіз ұлын өлтіргендердің бірі, яғни, балалардың анасы Алла Волченко сот алдында соңғы сөзін айтты. 34 жастағы әйел судьядан көшеге қаңғыртып жіберген 2 жастағы баласына алаңдап, аналық құқығынан айырмауды сұрады.

Алла Волченко, сотталушы:

- Құрметті сот және сотты жүргізуге қатысушылар, сіздерден өтінерім, мені аналық құқығымнан айырмасаңыздар екен. Өйткені, менің тұңғыш ұлым отбасымнан қалған жалғыз жақыным. Екі ұлымнан айырылғандықтан, ішім қан жылап, жаным күйзеліп тұр. Мұндай жағдай ешкімнің басында қайталанбасын деп тілеймін. Менің кінәм болған жоқ. Тек соңғы сәтте азаматтық некедегі күйеуімді полицияға баруға көндірдім.

Ал, мемлекеттік айыптаушы егіздерін өлтіріп, тұңғышын тентіретіп жіберген ерлі-зайыптыға ең қатал жаза тағайындауын сұрады. Судья Ерлан Болатов қатыгез әйелге Қылмыстық кодекс бойынша заңды жаза кесті.

Ерлан Болатов, Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

- Эмиль Гильмутдинов ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлімі 1,2,3, тармақтары бойынша кісі өлтіру және 119-баптың 1-бөлімі қараусыз қалдыру бойынша айыпты деп танылып 20 жылға бас бостандығынан айырылсын. Ал, Алла Волченко ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 20-бөлімі 1,2,3 тармақтары бойынша кісі өлтіргені және және 119-бабтың 1-бөлімі бойынша қараусыз қалдырғаны үшін айыпты деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айыруды үкім етемін. 

Сондай-ақ, сот екеуін де ішімдікке құмарлықтан мәжбүрлі түрде емдеу туралы шешім шығарды. Ал, олардың тұңғышы Равиль Волченко қалалық балаларды қорғау мекемесіне орналасты. Енді бала кәмелет жасқа толғанша балалар үйінде тәрбиеленеді.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу