Бүгін еліміздің барлық аймағында дәстүрлі Президент шыршасы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін еліміздің барлық аймағында дәстүрлі Президент шыршасы өтті

22.12.2017

Биылғы шарапатты шара бас қаланың 20 жылдығына орай «Асқақ ордам  - Астана» деп аталды. Шырша тойының шырайын келтірген ұйымдастырушылар еліміздегі оқуда озат атанған оқушылармен қатар, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен ата-анасы жоқ балғындарға таңғажайып кеш сыйлады.

Жылдың жаңаруы, ересектердің ғана емес, әсіресе, балғындардың да асыға күтетін мерекесі. Өйткені, олар дәл осы уақытта періште тілегін білдіреді. Бүгінгі Президент шыршасы аясында алаң ерекше безендірілген. Театрландырылған қойылымның да мазмұны өзгеше. Балғындарды, ерекше базарлық сыйлықтары күтіп тұр. Бастысы олардың көңіл-күйлері көтеріңкі.

Қызықты хикаяға толы қойылымдар, Аяз ата мен Ақша қардың тосынсыйы, ертегі кейіпкерлері мен кештің көркі болған шырша шырақтары. Мұның бәрі елордалық 200-ден астам кішкентай  мейманның көңілін көтеріп, естен кетпес әсер қалдырды. Ал, басты тосынсый Елбасының Лэд экран арқылы айтылған ақжарма тілектері болды. 

Әлима Орынбасарова, оқушы:

- Мен Президент шыршасына келемін деп ойламағанмын. Мені осы шыршаға шақырған Нұрсұлтан Әбішұлына рахмет айтамын. Биыл менің армандарымның бірі орындалды. Сіздердің де армандарыңыз орындалуына тілектеспін.

Ал, Алматыдағы балғындар танымал эстрада әншілерінің концерттік бағдарламасы мен цирк әртістерінің қойылымына куә болды. Кеш қарсаңында Мемлекет басшысының атынан балаларға планшеттер, қысқы киімдер, ойыншықтар мен тәттілер салынған сыйлықтар тапсырылды.

Милана Лесникова, балалар үйінің тәрбиеленушісі:

- Құрметті Нұрсұлтан ата! Біз де Сіз сияқты елімізге еңбек етеміз. Сізді мақтаныш тұтамыз. Біз жақсы оқимыз. Сізді де Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймыз.

Ал, Оңтүстік Қазақстан облысының балалары 2017 жылды толайым табыстармен қорытындылады. Халықаралық интеллектуалды сайыстарда 6000-нан астам оқушы топ жарды. Осылайша, жылды жеңіске толы жетістіктермен аяқтаған балғындар думанды мерекені жоғары деңгейде атап өтті. 

Томирис Нұрлан, оқушы:

- Маған Жаңа жыл ұнады. Өте қызық болып жатыр. Нұрсұлтан атамызға көп-көп алғыс айтқым келеді. Кеш өте қызық. Көптеген клоундарды көрдім. Олар бізді ойнатты. Шеңбер етіп айналдырды. Мен барлықтарыңызға денсаулық бақыт тілеймін. Ешқашан ауырмаңыздар.

Елбасының шырша тойы батысқазақстандық балғындарды да бақытқа бөледі. Ақтөбелік 200 бала ертегі кейіпкерлері дайындаған тосынсыйлар мен ғажайып көріністерді тамашалады. Ән айтып, би билеп өз өнерлерін де ортаға салды. Қоржыны дәмге толы Аяз атаға арманын айтып, хат жазған балалардың бәрі де тілеген сыйлықтарын алды.

Қостанай облысындағы Президент шыршасы да қызықты думанға толы болды. Ертегі кейіпкерлері кішкентай тұрғындарды сырлы саяхатқа шақырды. Әдемі кештің соңында балаларға бағалы сыйлықтар таратылды.  

Көркем Батырғалиева, оқушы:

- Жаңа жыл балаларға қуанышымен, шаттығымен келіп, ата-ана мейіріміне бөленулерін тілеймін. Жаңа жыл баршаларыңызға қуаныш әкелсін.

Осылайша, көптен күткен көрікті мереке еліміздегі 3000-ға жуық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы отбасылардың балалары мен оқу үздіктерінің басын қосты. Өткен жылмен қоштасып, ит жылынан игілік күткен кештің кішкентай меймандары ұшқыр қиялдарын қанаттандырып, таңғажайып әсермен тарқасты.

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу