Қос қолынан айырылған бейнеулік Балғынбекке үй берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қос қолынан айырылған бейнеулік Балғынбекке үй берілді

26.12.2017

Тоққа түсіп, қос қолынан айырылған бейнеулік Балғынбек Бахтиярға үй берілді. Естеріңізге сала кетейік, Серікбаевтар отбасы бірнеше жыл бұрын қайғыға душар болған еді. 11 жасар баласы ойнап жүріп от басты. Басына түскен қиындыққа мойымай сабырлық танытқан қаршадай баланың тағдырына «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының жергілікті филиалы назар аударды. Сөйтіп, оны қолдаушылар қатары артты. Бірақ, Балғынбек денсаулығына байланысты Ақтау қаласынан пәтер жалдауға мәжбүр болды. Енді бұл машақаттың бәрі артта қалып, қазір бір бөлмелі пәтерге көшті. 

Бұл отбасының ауылда баспанасы болғанымен, Балғынбектің ем-дом қабылдауы үшін Бейнеу тым алыс. Облыс орталығынан  600 жүз шақырымдай жерде. Сол себепті, әкесі оны әрдайым Ақтауға апарып, пәтер жалдай жүріп дәрігерлерге көрсететін. Онсыз да протез алып беруге тірнектеп ақша жинап жүрген оларға пәтерақы салмақ болды. Дегенмен, Ұлттық арнадан бірнеше қайтара көрсетілген соң, бала ел назарын аудартты.  

Балғынбектің баспанасына құттықтай келгендер де құр алақан емес. Бір-бір сыйлығын беріп, ізгі тілектерін білдіріп жатыр. Енді бір бөлмелі пәтерде Балғынбек ата-әжесімен бірге тұратын болды. Олар қайырымды жандарға алғыстарын жаудырды.

Бахтияр Серікбаев, атасы:

- Қуанышқа бөленіп жатырмыз. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Рахмет!

Бала арманы мен көп тілегі қабыл болса керек. Бұл жағымды жаңалықтың соңы емес. Балғынбек таяуда қолына протез салу үшін Мәскеуге жол жүрмек. Оған жұмсалатын қаражаттың үштен бір бөлігі қайырымды жандардың атсалысуымен жиналды.  

Айман НҰРМАҒАНБЕТ

Хабарламаларға жазылу