Қазақстандықтардың коммуналдық қызметтер бойынша 14 миллиард теңгеден астам берешегі бар. Борышкерлер әсіресе, Астана мен Алматы қалаларында және Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында көп. Бүгін Үкімет отырысында жылыту маусымының барысы талқыланды. Сондай-ақ, «ЭКСПО» көрмесіндегі тың технологияларды қолдану мен валюта нарығын реттеу және қадағалау саласындағы заңнамалық мәселелер көтерілді.
Коммуналдық қызметтерге Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары 2,7 миллиард теңге қарыз болса, астаналықтар 2,2 миллиард, алматылықтар 1,8 миллард теңге берешек. Барлығы 13 миллиард теңгеге жуықтайды. Құзырлы министрлік әкімдерден бұл мәселені бақылауға алуын сұрады. Отырыстың күн тәртібіндегі тағы бір мәселе «ЭКСПО» көрмесіндегі тың технологияларды қолдану. Көрме кезінде 105 шетелдік, 28 отандық технология таңдап алынған. Оның 40-қа жуығы келесі жылы өндіріске енгізіледі.
Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:
- Ұлттық компаниялар 15 технологияны таңдап алды. Оның екеуі 2018 жылы нақты өндіріске енгізіледі. Әкімдіктер де 40-қа жуық технологияны енгізу үшін іріктеп алды. Оның ішінде энергия үнемдеу, ақылды желілер, баламалы энергия көздерін пайдалану секілді жобалар бар.
Үкіметте сондай-ақ, валюта нарығын реттеу мен бақылау саласындағы заңнаманы өзгерту жайы талқыланды. Мысалы, Ұлттық банк шетелдік компаниялардың Қазақстандағы өкілдіктерін ел ішінде тек теңгемен алыс-беріс жасауға міндеттеуді ұсынды. Сондай-ақ, валюталық операциялар туралы банктік құпия ақпаратты Мемлекеттік кірістер комитетіне беру заңмен реттелмек. Бас банкир сондай-ақ, Ұлттық қордың шетелдегі қаржысына шектеу қойылды деген ақпаратқа қатысты да түсініктеме берді.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
- Ұлттық қордағы құнды қағаздарды басқаратын банктердің бірі Белгияда орналасқан Нью-Йорк Меллон банкі. Ондағы біздің 22 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі активтерімізге сот дауы аясында шектеу қойылғаны белгілі. Бұл жерде бірқатар заңсыздықтар бар. Біз ағылшын сотына шағымдандық, бірақ, сұранысымызды қанағаттандырмады. Бізде қайта шағымдану мүмкіндігі бар. Қазір Әділет министрлігімен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Активтерден айырылып қалу туралы мәселе жоқ. Бұл құқықтық мәселе бір шешімін табады деп ойлаймын.
2017 жылдың соңғы Үкімет отырысында келесі жылға арналған заң шығару жоспары қабыланып, «Smart City» жобасының іске асу барысы тыңдалды. «Ақылды қала» жобасы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының бір тармағы. Оны жүзеге асыру үшін барлық өңірге ортақ тұжырымдама әзірленді. Енді жұмыс тобы жасақталып, Бірыңғай іске асыру орталығы құрылады. Басты мақсат - қала өміріндегі электронды қызметтер түрін арттыру.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ