«Тілшілік- тіршілік» айдарында - Ұлттық арнаның тілшісі Нұрлан Асқарұлы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Тілшілік- тіршілік» айдарында - Ұлттық арнаның тілшісі Нұрлан Асқарұлы

26.12.2017

Алматы - еліміздегі ең үлкен мегаполис. Сондықтан, Ұлттық арнаның алып шаһарындағы бюросында бірнеше тілшіміз жұмыс істейді. Олар қаламен  қатар, Алматы облысының Қарасай,  Жамбыл, Іле, Талғар, Райымбек аудандарындағы әлеуметтік мәселелер мен жетістіктерді ұдайы ел назарына ұсынып жүр. Солардың бірі - Нұрлан Асқарұлы. «Тілшілік-тіршілік» айдарында қаламы қарымды журналист 2017 жылы эфирден өтіп, шешімін тапқан мәселелерді тізіп, аймақтағы жылдың басты оқиғаларын еске салады.

«Астана құрылыс» компаниясы жаңадан салынған үйді жуық арада бергісі келмей отыр. Олар құрылысы аяқталған нысанды әлеуметтік жеңілдік бойынша алатын тұрғындарға емес, коммерциялық бағытта бермек ниетте.  

Нұрлан Асқарұлы, тілші:

 - Тілшінің тіршілігі - осы. Әр күн сайын түрлі жағдайға тап боласың. Апатты үйдің тұрғындары үшін салынған үйді басқаларға бермек болған компанияның құйтырқы ісіне араша түстік. Баспана дауы жоғары жаққа жеткен соң іс жұрттың пайдасына шешілді.

Нұрлан Асқарұлы, тілші:

 - Алматыдан Шымкентке бет алған АН-28 ұшағы Алматы әуежайынан 28 шақырым қашықтықта дәл осы жерде апатқа ұшыраған.

Адам көз жұмған жерден қайғылы ақпарат беру зардап шеккендердің жақындары үшін ауыр, әрине. Бірақ, тіршілік бар жерде төтенше жағдайдың болатындығы анық. Сондықтан, күн-түн демей оқиға орнынан табылуға әркез дайынбыз.

Тілші:

Қыс кетіп, көктем келсе Алатау бөктеріндегі елді мекендерден маза қашады. Өйткені, еріген қармен тасыған өзендері арнасына сыймай жолындағыны жайпап өтеді. Селден зардап шеккен тұрғындардың мұңын талай айттық. Мәселе оң шешілді.

Тілші:

Алматыда облыстың бірнеше аудан тұрғындарымен қоса, басқа да аймақтан келіп жұмыс істейдін адам көп. Олар осы жердегі кәсіпорындарда еңбек етіп, нәпақа табады. Алайда, бәріне бірдей тұрақты жұмыс кездесе бермейді. Сондықтан, олардың құқығын қорғауға бізде араласамыз.

Ауыл маңында тіршіліктің көзі су жоқ емес, бар. Бірақ, тұрғындарды гигиеналық тазалықтың жоқтығы алаңдатып отыр.  

Тілші:

Түтін түтеткенмен, тұрмысының өңі қашып, өркениеттен шет қалған ауылдардың да базынасын айтып, жергілікті басқару орындарының назарына жеткіздік. Өйткені, жол, жарық, ауызсуға жарымай отырған ауылдар әлі күнге дейін кездеседі.

Тілші:

Батыр ана бос бесікті тербетіп қалмасын деп тас моншада күнелтіп жүрген Әбдиевтер әулетінің жұтаң тұрмысын жергілікті әкімдікке айтып, жомарт жандардан көмек сұрадық.

Тілші:

Содан кейін үбірлі-шүбірлі шаңырақта тұрып жатқандар қайырымды жандардың көмегімен жалдамалы пәтерге көшті. Үміт оты жанды. Ал, ауыл әкімдігі кәсіпкерлерді жұмылдырып, көктемге дейін жер бермекші. Енді олар «көпбалалы отбасының баспана тұрғызып алуына да қолғабыс тигіземіз», деп уәде берді.

Гүлбану Ысқақова, көпабалалы ана:

- Бұрынғы тұрған жерімізден жақсы жерге келіп жатырмыз. Осы «Qazaqstan» телеарнасының арқасы. Рахмет! Алғыс білдіреміз.

Нұрлан Асқарұлы, тілші:

Алып шаһардың тарих қойнауына кетіп бара жатқан жылында басқа да көптеген айшықты оқиғалар болды. Бірақ, солардың барлығын бір репортажға сыйғызу мүмкін емес. Келер жылы да азаттықтың туы тігілген Алматыдағы және Алматы облысының жақын аудандарындағы жағдайды назарда ұстаймыз.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ                               

Хабарламаларға жазылу