Оралдық полицейлер мен Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары орталық базар аумағына рейдке шығып, заңсыз сатылып жатқан пиротехникалық заттарды тәркіледі.
Жылда бұл жерлер сертификатталмаған, сапасыз өнімдерге толады. Рұқсат етілмеген орындарда әрі ешбір құжатсыз пиротехникалық заттарды саудалаған азаматтарға әкімшілік хаттама толтырылды. Саудагерлер қоғамдық орындарда мұндай өнімдерді сатуға болмайтынын білмейтін болып шықты. Тез тұтанғыш заттар тәркіленіп, иелеріне 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
Әміржан Қадыров, БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы:
- Қазақстан нарығына келетін қытайлық пиротехникалық өнімдер көбіне заңсыз жолмен жасалады. Сапасыз заттар адам өміріне және олардың мүлкіне қауіп төндіреді. Сондықтан, пиротехникалық өнімдерді, түрлі отшашу заттарын сатып алған кезде сертификатын сұрау керек. Өнімнің сақталу мерзімін, қорапшасының бүтін, жыртылмаған болуын қараңыз. Құжаты бар тауарларды тек арнайы рұқсат етілген сауда орындарынан алуға кеңес береміз.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ