Алматыда заңсыз пиротехникаларды тәркілеу басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда заңсыз пиротехникаларды тәркілеу басталды

27.12.2017

Себебі, талапқа сай емес отшашулардан келетін кесір көп. Ал, тек пайдасын көздеген алыпсатарлар мұндай арзан тауарларды қаланың кез келген жерінде тұрып, саудалап жатыр. Мамандардың сөзінше, көрші Қытай мен Қырғызстаннан әкелінетін жарылғыш заттардың сапасы сын көтермейді. Сондықтан, олар жұртты сапасыз отшашулармен ойнаймын, деп опық жемес үшін сатып алмауға кеңес береді.

Жаңа жыл қарсаңында қалада саудагерлер сататын қызыл-жасыл, сары-көк пиротехника көп. 100-ге жуық түрі бар жарылғыш заттың құжатына мән беріп, оның заңды-заңсыздығын анықтау үшін мамандар тексеру рейдін бастады. Олар көпшілікке тауарды сатып алмай тұрып, лицензиясының дұрыстығына мән беруге шақырды. Себебі, қызық қумас бұрын қауіпсіздікті сақтау қажет.

Айдос Мырзағалиев, Медеу аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы:

- Ашық алаңда қолдану керек. Егер отшашу бұйымы істемеген жағдайда оны тексерудің қажеті жоқ. Себебі, ол денсаулыққа және өмірге қауіпті болуы мүмкін. Отшашу бұйымдарын дұрыс және қауіпсіз қолдануыңыз денсаулығыңыздың кепілі болуы мүмкін.

Сауда орталықтарының сыртында тұрып, отшашуларды сататын саудагерлердің құжаты түгел. Яғни, заңды. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары ауа райының ылғалдығына байланысты оларға тек заттарды дұрыс сақтау керектігін айтты.  

Сандуғаш Баймұхамбетова, қалалық ТЖД ресми өкілі:

- Балалар балалығын жасайды, сондықтан, Төтенше жағдай демартаменті қызметінің қызметкері ретінде ересектерге айтарымыз, отшашу шашқан кезде балалардың жанында болып, мұқият болған абзал.

Ресми мәліметке жүгінсек, соңғы екі жылда жарылғыш бұйымдармен ойнаймын деп от басқан азаматтардың саны 40 пайызға азайыпты. Десек те, пиротехниканың кесірінен балалар көп зардап шегеді. 

 

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу